Мектеп формасын бекіту керек – теолог хиджаб дауына нүкте қоюды ұсынды

Сырым Қаржас

Белгілі теолог Кеңшілік Тышқанұлы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ортақ мүддеге негізделген мектеп формасын бекіту керек деп жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Назардан тыс қалдыруға болмайтын жағдай

Теологтың жазауынша, қоғамда ең көп талқыға түсетін тақырыптардың бірі дін болғандықтан тағы да сол хиджаб (орамал) мәселесі ортаға тасталатынын болжайды.

– Қазақтың қилы-қилы тарихында халықтың басынан, соның ішінде діндарлардың басынан да талай қиыншылықтар өтті. Алақан жаюдан қорқатын, құдай дегені үшін жер аударылып, Алла деп атылып кеткендер де аз емес. Бірақ қазіргі кейбір діншілдердің талабы осыны ойлағанда күпіршілік десе де болады. Барлық исламның құндылықтарын бойына сіңіріп тек орамал мәселесі қалғандай даурығатындар қазақтың осы тарихын білмей ме, білгісі келмей ме түсініксіз. Әрине, заңдық тұрғыдан орта білім елімізде міндетті болғандықтан ешкім заңды айналып өте алмасы анық, – деп жазады ол әлеуметтік желіге.

Кеңшілік Тышқанұлы екінші жағынан діннің талаптары бойынша ересек саналатын жастағы қыздардың белгілі талаптар шеңберінде киім киюі қажеттілігін де түбегейлі жоққа шығаруға болмайтынын ескертеді. ҚМДБ-ның да ұстанымдары осыған саяды. Алайда осы орамалдың өзінен оның астарындағы мүдделер қайшылығы ұлғайып кеткендей сыңай танытады. Тіпті бастауыш сыныптағы кішкентай қыздарға дейін киіндіріп әртүрлі арантатушылықтарға барып отырған топтардың да бар екендігі анық.

– Мәселенің екінші жағынан қарасақ, біржақты тыйым талаптары сияқты көрініп жүргені де жасырын емес. Хиджабты жақтаушылар көбінесе мектептердегі адамгершілікке, тәрбиеге жат қылықтар, оқушы қыздар арасындағы жүктілік, шолтиған белдемшелердің салдары екендігін алға тартып жатады. Бұл жағдайды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өркениетті, зайырлы қоғам дегеніміз дінсіз, тәрбиесі қоғам дегенді білдірмесе керек, – дейді ол.

 

Теолог осы себепті тақырыпты ары қарай ушықтыра беру ешкімге де тиімсіз екенін атап өтеді. Әсіресе, бұдан үлкендер емес балалар зардап шегіп отыр.

– Оқу-ағарту министрлігінің бірыңғай мектеп формасын бекітуі құптарлық жайт. Қоғамдағы бай мен кедейдің арасын ашпай, ұстаз бен оқушының ерекшеліктерін көрсету үшін әлемнің көптеген елдерінде бұл тәжірибе қолданылады. Алайда, мектеп формасының нақты талаптары жөнінде әлі де нақтылайтын жайттар жоқ емес. Мәселен белдемшенің ұзындығы бойынша нақты талап болуы тиіс. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің назарын өзіне аударатын, ұлттық мәдениетімізде ұят саналатындай формада болмауы қажет. Батыстың әртүрлі үлгісіне еліктеу белең алған заманда жыртық шалбар, шолақ көйлек те сәнге айналып барады. Мектеп тек білімнің ғана емес тәрбиенің де ордасы екендігін ұғынатын уақыт жеткен сияқты. Қоғамдағы өрескелдіктер білімсіздіктен емес, тәрбиесіздіктен туындап жатқанын өкілетті мекемелер назарға алуы керек, – дейді ол.

Теолог қорытындылай айтқанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ортақ мүддеге негізделген мектеп формасын бекіту – уақыт талабы дейді.

– Мәселеге біржақты қарап ушықтыра беру ешкімге тиімді емес. Сондықтан ұлттық санаға негізделген, имандылық құндылығына сай киіну баланың білім алуына кедергі болмаса керек, – дейді  Кеңшілік Тышқанұлы.

Мектептегі хиджаб мәселесі

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Конституциялық соты мектепте хиджабқа салынған тыйымға қарсы ата-аналардан түскен арызды қараудан бас тартқан еді. Блытыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде “ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді” деп жазған еді.

Бұл мәселе туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келетінін мәлімдеген. Ал оның әріптесі Ардақ Назаров Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, оның әрбір азаматы заңға бағынуы керегін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлім етті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ойын айтқан.

Баланы мектепке дайындауға қанша ақша кетеді

Қыркүйек жақындаған тұста ата-аналардың басты қамының бірі – мектеп формасы. Әке-шешелер үшін бұл қам-қарекет – қалтаны көп-көрім қағатын, әйтсе де кейінге қалдыруға болмайтын шаруа. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте ата-аналармен сөйлесіп, оқушыны мектепке дайындауға қанша ақша кететінін біліп көрген еді.