Астанада Шанхайдағыдай Диснейленд салынатын болады

Қалижан Бектемір

Астанада "Жібек жолы" деген атаумен Шанхай қаласындағыдай Диснейленд салынады. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 10 млрд доллар шамасында болады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: @architecture_astana

Осы ірі жобаға байланысты елордада келіссөз өткен. Бұл туралы @architecture_astana парақшасында хабарланды.

«Бүгін Астана қаласы әкімдігінің «Astana Invest» кеңсесінде Басқарма төрағасының орынбасары Орынбек Қуаныш «ULKENBAY» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Шанхай қаласындағы Диснейлендке ұқсайтын аттракциондар паркінің құрылысы бойынша ауқымды жоба талқыланды. «Жібек жолы» деп аталатын ойын-сауық кешені Қазақстан мен Қытай мәдени ерекшеліктерін үйлестіретін болады» делінген хабарламада.

Ақпаратқа қарағанда инвесторлар жоғары сапа мен бірегейлігін сақтау үшін жобаға Шанхайдағы кешенді жасаған жобалаушыларды тартуға мүдделі. Парктың негізгі мәні – балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, ойын түрлері арқылы қос ел мәдениетінің әралуандығы мен байлығымен таныту.

Болашақ жобаға тартылатын инвестиция көлемі 10 млрд долларды құрайды деп жоспарланып отыр. Ал ауданы 400 га асады деп күтілуде.

Кездесуде тараптар құрылыс мерзімі, қаржыландыру көздері, жергілікті билікпен әріптестік орнату жайы секілді жобаны жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылаған