Келер жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси қызметін атқара алмайды

Әлихан Асқақ

Келесі жылдан бастап елімізде рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне электронды қызметтер арқылы жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Indriver, Яндекс телефон қосымшасында клиенттері бар рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары қосымшалардан шығарылады, – деді Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және  көліктік бақылау комитетінің өкілі Тілеген Жәдігеров.

Аталған жаңашылдық оң жақтағы рөлін сол жаққа ауыстырған көлік иелеріне де қатысты. Автобрендтердің ресми өкілдері рөлді оң жақтан сол жаққа ауыстыруға қатаң тыйым салады. Өйткені олардың құрылымы жол апатына себеп болып, жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді дейді сарапшылар. 

ЖҮРГІЗУШІЛЕР УӘЖІ

Ал оң жақ рөлді автокөліктердің иелері мұндай жаңашылдықпен келіспейді. Олардың айтуынша, жол апатына көліктің құрылымы емес, жүргізушінің жауапсыздығы себеп. 

Жас шектеуін қою керек. 30 жастан төмен жүргізушілерге қала арасында жүруге тыйым салу керек. Жол апаты көбіне жылдамдықты шектен тыс асырғаннан болады, – дейді жүргізушілердің бірі.

Қазақстанда үш жүз мыңнан астам оң рөлді көлік жүреді. Көлік иелерінің көпшілігі жолаушыларды ұзақ қашықтыққа тасымалдаумен айналысады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстанға бөлшектелген оң рульді автомобильдерді әкелуге тыйым салу тағы жарты жылға ұзартылған.