Екі адам қаза тауып, үш адам жарақат алған: Астана-Петропавл тас жолында жол апаты болды

Ілияс Бақыт

Астана-Петропавл тас жолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СҚО ПД баспасөз қызметінен

ЕКІ ЖОЛАУШЫ ҚАЗА ТАПТЫ

Жол апаты Солтүстік Қазақстан облысы, Ленинское ауылының маңындағы Астана-Петропавл автожолының 435 - ші шақырымында болған.

"Daewoo Nexia автокөлігі мен КамАЗ 54105 жүк көлігі соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 40 жастағы жүргізуші мен 39 жастағы жеңіл автокөліктің жолаушысы алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды. Осы автокөліктің 17, 19 және 62 жастағы тағы үш жолаушысы түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге  жеткізілді",-деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы бойынша тергеу басталды.

ЖАҒДАЙЫ АУЫР

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы ауыр екенін айтты.

"17 жастағы жәбірленуші бірден көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тағы екі жәбірленушіге Аққайың аудандық ауруханасында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін олар көпсалалы қалалық ауруханаға ауыстырылды",-деді ведомствоның баспасөз хатшысы.

Жарақат алғандардың барлығының бірдей дене сүйектері сынған.