«Анаша шегеді»: Атырау орталық мешіті имам туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Ғалиасқар Думан

Атырау қаласының орталық мешіті Атырау қаласының имамына қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Фото: Атырау қаласы орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі

ТЕРІСТЕУ

«Атырау облысының орталық «Иманғали» мешіті кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде Атырау қаласының «Құспан молла» мешітінің имамына қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, жалған жала екендігін хабарлайды.

Біріншіден, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің имамы қызметін пайдаланып, мүфтиятқа балық, уылдырық жібереді деген сөз жала. Мүфтиятқа Атыраудан «сыйлық» жіберу деген болған емес. Екіншіден, мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі, Құспан молла мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп. Сондықтан, мешіттің бас имамы болғандықтан, салмақ та осы кісіге түседі. Яғни, имамның негізгі уақыты мешітте өтеді» делінген Атырау орталық мешіті хабарламасында.

Сондай-ақ хабарламада имам қызметін пайдаланып, қора-қора мал жиды деген сөз де шындыққа жанастынын, қазіргі уақытта имамның күнделікті сауынға ұстап отырған бір бас сиыр, бір бас түйесі бар ғана бары айтылған.

«Атыраудың кәсіпкерлері арқылы мал жиды, байыды деген сөз шындыққа жанаспайды. Кәсіпкерлер арасында мешіттің керек жабдықтарына заттай көмек көрсетеді. Кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған көмек түрі мешіттің ішкі құжаттарына есепке алынып отырады» дейді мешіттегілер.

ЖУРНАЛИСКЕ ЖАЗЫЛҒАН АРЫЗ

Бұған дейін журналит Ораз Әлімбек Атырау қаласындағы "Құспан Молда" мешітінің қызметкерлері имам Эммат Ғұмаровтың үстінен арызданып, өзіне хат жазғанын айтқан.

Олар мешім имамының теріс қылықтары туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Өтпеновке қаншама рет арызданса да, осы уақытқа дейін оған байланысты ешқандай шара қолданылмай отырғанын жеткізген.

Хатта Эммат Ғұмаров өзіне лайықсыз, бірақ дін арқылы пайда табатын мешіт мінберін сақтап қалу үшін мүфтият басшылығына Атыраудың бекіресі мен қара уылдырығын ай сайын жіберіп тұратыны сөз болған.

«САЙҚЫМАЗАҚ СЕКІЛДІ БЫЛАПЫТ АНЕКДОТТАР АЙТАДЫ»

Атыраулық кәсіпкерлер мен меценаттардың арқасында әбден байыды, соның арқасында үйір-үйір жылқысы, жүздеген түйе мен сиыр-қойы бар.

Сонымен қатар Эммат Ғұмаров Құранды тәжуид бойынша қате оқиды, діни білімі өте нашар.

Ең сорақысы тәнін сататын жеңілтек қыздарға барып, боди массаж жасатып, жыныстық қатынасқа түсетінін дүйім жамағат біледі.

Дінімізде тиым салынған темекі, насыбай, анаша да шегеді.

Өзі құдды бір имам емес, театрда қызмет жасайтын сайқымазақ секілді үнемі былапыт-көргенсіз анекдоттар айтады.

Эммат Ғұмаров 30-жыл бойы елді сорлатып, сәләфизмнің Қазақстанда таралуына мүдделі Нұрсұлтан Назарбаевты үнемі мадақтауын тоқтатқан емес” делінген хатта.