АЭС-ті саясиландырудың қажеті жоқ деп қанша айтылса да, Ресейдің пропогандасы ақпараттық шабуыл бастағаны аңғарылады. Сарапшыларын сөйлетіп, "Қазақстанда АЭС-ті Росатомсыз салу мүмкін емес, егер Қазақстан АҚШ-ты таңдаса саяси қиындықтарға тап болады" дегенді ашықтан ашық жазып жатыр. Осындай ақпараттық шабуыл жайлы Ulysmedia.kz тілшісі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың пікірін біліп көрді.
СКЛЯР НЕ ДЕЙДІ
– Бұл бейресми тұлғалар. Қандай да бір саясаткерлердің (Ресейдегі – авт.) сөзі жайлы, блогерлердің пікірі жайлы бірдеңе деудің мән-мағынасы жоқ. Шешім тиімділігі жағынан прагматикалық сипатта қабылданады. Станция барынша қауіпсіз әрі технологиясы жаңа болуы керек. Елдің мультипликативті дамуына оң әсерін тигізуі тиіс, – дейді Скляр.
Вице-премьер Ресей тарапынан тараған мұндай ақпараттарды оқымағанын айтады.
Оның айтуынша, келесі жылы АЭС құрылысы бойынша сауалдарға жауап беріледі. Сол кезде концорциум мүшелері кім болатыны айқын болмақ.
– Жобалаушы, мердігерге қатысты шешім сол кездерде қабылданады. Халықаралық деңгейде мойындалған компаниялар келеді. Техникалық қамтуға бір жыл, бір жарым жыл жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кетеді. Содан кейін құрылыс басталады. Әлбетте, кез келген нысанда қауіпсіздік болуы керек. Алайда осындай мерзімдерді айта аламыз. Қандай компаниялар қандай елдерден келетінін біз айта алмаймыз, – дейді ол.
Роман Склярдың айтуынша, АЭС-ті салу үшін ашық тендер өткізіледі.
– Біз станцияның ең жаңа болуын әрі онда өз саласында көшбасшы елдердің ең жаңа жобалық шешімдері мен технологияларын әкелуге мүдделіміз. Алда нақты шешім қабылданады. Арнайы жоба тобы болады. Ықтимал саяси тәуекелдер мен олардың пайда болу барысында, яғни жобалау процесінде бәрі қарастырылады. Егер мұндай жағдайлар туындаса, онда, әрине, әртүрлі компаниялармен, әртүрлі елдермен келісімшарттарда санкциялық жайттар ескеріледі. Бұл заң техникасы, – дейді Роман Скляр.
“ҚАЗАҚСТАН АҚШ-ТЫ ТАҢДАСА...”
Қазақстанда АЭС бойынша жалпыұлттық референдумның түпкілікті нәтижесі шықпай жатып Ресей медиасы Қазақстанға АЭС-ті Росатом салады деген ақпарат таратып жатыр. Мәселен, Absatz.media деп аталатын ресурс “Эксперт: Қазақстан АЭС құрылысына мердігер ретінде Росатомды таңдайды” деген материал шығарған. Эксперт деп отырғаны Жаңа қоғам институтының директоры, саясаттанушы делінген Василий Колташов есімді адам. Оның сөзінше, Росатом пайдасына жасалған таңдау Қазақстанға Батысқа тәуелді болмауға, арзан энергия алуға мүмкіндік береді.
Ол Қазақстан америкалық Westinghouse компаниясын таңдаса, алдағы уақытта елеулі саяси қиындықтарға тап болады, Ресей мұны жақсы қабылдамайды деп санайды. “Қазақстан ірі уран қоры бар мемлекет, елге америкалықтардың немесе француздардың кіруі, елдің тыныш экономикалық дамуы мен көрші елдермен, бірінші кезекте Ресей және Қытаймен қажетті экономикалық интеграция жасауы мүмкін болмай қалады. Ерте ме, кеш пе, бәрі өткір сыртқы саяси конфликтке ұласады” дейді Колташов.
Басылым материалының соңына Росатом корпорациясының директоры Алексей Лихачевтың “егер Украина қарулы күштері Курс АЭС-індегі реакторға соққы жасаса, Чернобыльдегі апат түк болмай қалады” деп айтқан сөзін келтірген. Бұл сөзді дәл осы контекске неге қыстырғанын түсіну қиын. “Росатомға салдырмасаңдар, Чернобыльден де алапат апатқа тап боласыңдар” деген қоқан-лоқы ма түсініксіз.
ҮКІМЕТ ШОРТ-ЛИСІ
Үкімет АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Референдумда дауыс берген кезінде ел президенті "АЭС-ті қай ел салады" деген сұраққа үкімет мәселе бойынша нақты талдау жасап, келіссөздер жүргізу керек екенін атап өткен.