Белгілі эстрада әртісі Мақпал Жүнісова композитор Арман Дүйсеновтің бақиға аттанған баласы қастандықтан қаза тапқанын айтса, продюсер Баян Мақсатқызы марқұм оншақты күн бұрын қоңырау шалып, көмек сұрағанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Марқұм Арман Дүйсеновтің тұңғышы Абылай Арманұлын біреулер қастықпен өлтірді деген суық хабар жетті, иманы саламат болсын, өлтірген адамды тауып, жазасын беру керек, Айсұлу айналайын, Алла сабыр берсін, кеше ұшып кетіп едім, туғандарына, анасына, қарындасымен баурына қайғырып көңіл айтамын” деді Мақпал Жүнісова желідеге парақшасында.
Ал продессер Баян Мақсатқызы бұл хабарды ауыр қабылдағанын айтып, жуырда Абылайдың бір мәселе бойынша көмек сұрағанын жеткізді.
“Бүгін белгілі сазгер, жақын досым болған Арман Дүйсеновтің ұлы қайтыс болды деген қаралы хабар естідім. Бұл мен үшін өте ауыр, өте қайғылы хабар. Иманды болсын. Менің айтпағым, осыдан оншақты күн бұрын Абылай маған хабарласты. Ол маған өмірі хабарласқан емес. Әрине, ол хабарласпаса да мен оны жақсы білемін, талай рет көргенмін. Ол маған тура туған әпкесі секілді хабарласып: “Баян әпке, мен сізден көмек сұрағым келіп тұр” деді. “Қазір екі сағаттан кейін бір телеарнада бағдарлама болады. Оған шоу-бизнесте жүрген бірнеше тұлға қатысады. Оларды білесіз”. Ары қарай бағдарлама қонақтары туралы біраз жайтты айтты. Мен оған “Абылай, егер сен маған кеше хабарласқаныңда, мен бұл мәселені бақылауға ала алатын едім. Ал екі-ақ сағат қалған дүниеге менің істер түгім жоқ” дедім. Оның жан-дүниесінде қопарылыс болып жатқанын ұқтым. Ол маған “Білесіз бе, олар менің әкеме не істейін деп жатқанын. Оған тиіспесінші” деді. Телешоуда бірқатар танымал тұлға Арман мен оның отбасы туралы жеке дүниелерді талқылаған. Ол сол бағдарламаның эфирге шықпауын сұрады. Абылайдың маған қоңырау соғу арқылы әкесінің аты туралы жаман пікірге жол бергісі келмеді” дейді Баян Алагөзова.
Продюсер әңгіме қандай бағдарлама туралы екенін бәрі білетінін атап өтіп, өзгенің өмірінен хайп жасау өте ұят, лас тірлік екенін айта келе ондайды доғаруға шақырды.
Осыдан біраз уақыт бұрын елдегі белгілі бағдарламалардың бірінің шығарылымы композитор Арман Дүйсеновтің өмірінің соңғы сәттеріне, өліміне арналған болатын. Абылай Арманұлы Баян Мақсатқызына сол туралы айтқан болуы мүмкін. Бүгінде ол шығарылым Youtube желісінен алынып тасталған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Оқыс оқиғаға байланысты Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады. Іс нақты қандай бап бойынша ашылғаны әзірге айтылмады.
АРМАН ДҮЙСЕНОВ
2023 жылғы 24 қаңтарда 47 жасында қайтыс болған. Ол эстрададағы белді композиторлардың бірі болған. Өнер саласының әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография, эстрадалық музыка бағыттары бойынша кәсіби білім алған.