Өзім үшін емес, отбасым үшін қорқам – марқұм Шерзаттың әкесі

Аян Өрібай

Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында үйі өртке оранған Қаржаубай Нұрымов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол ұлы Шерзат Болаттың өлімі заң аясында әділ тергеліп, кінәлілер әділетті жаза алу үшін соңына дейін күресетінін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚАРЖАУБАЙ НҰРЫМОВ НЕ ДЕЙДІ

– Түнде бала-шағамызбен үйде жатқанбыз (Қаржаубайдың әке-шешесінің үйі – қара шаңырақта). Көршілеріміз үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабар берді. Өрт сөндірушілер келді. Көрші жігіттер келді, бәріне рақмет! Әкім-қаралар, құзырлы органдар кешеден бері келіп, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Уәденің соңы не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой. «Соңғы рет көрейік, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» деп жатыр.

– Сізге «халық көшеге шығып кетпесін» деген сыңайда қысым болып жатқан жоқ па?

– Болады ғой. Кімге қалай сөйлейтіні айдан анық қой. Өзім үшін қорықпаймын. Халық үшін қорқамын. Отбасым үшін қорқам. Ер азамат болса, еркек деген аты болса келер еді. Ақылға салып, оңды-солды түсініп. Біреудің қайғысы болса, біреуге ұпай керек болады. Бәрін жан-жақты ойлау керек. Қазір баса-көктеп, аспанға балта лақтырудан түк пайда таппаймын. Ақ-қарасы анықталған соң кінәлілер жауап береді деген ниеттемін. Алла Тағала бар.

Құзырлы органдар ғана емес, менің жанымда жүрген жігіттер, қайғыма ортақ халықтың бәрі ертең не болып кететіні – бәріне айдан анық көрініп тұр ғой. Осындай жағдай болатын болса мен жауап берем. Мен кетіп қалсам, балам үшін шырылдайтын адам болмайды, бала-шағама, әке-шешеме қарайтын адам болмайды. Қолымнан келгенше күресем. Баламның аруағы разы болуы үшін соңына дейін күресем.

– Күдіктілер тарапынан сізбен сөйлесуге тырысқандар болды ма?

Болды. Бәрі болды. Бір сөйлестім, одан кейін сөйлеспедім.

– «Жылы жаба салайық» дегендер болды ма?

– Болмады деп айтпаймын. Болды.

Балам атасы мен әжесінің қолында өсті. Сол себепті жетісін бергенше әке-шешемнің жанында болайық дескенбіз. Бұл жерде күнделікті шаруаларды бітіріп, үйге қайтатынбыз. Үйде мал-жан бар, ит бар дегендей, кешкісін үйді бір қадағалап кететінмін. Кеше де келген кезде көршілерім көрді. Жаңбыр болмаса, бүгін басын (зиратын) құрамыз деп ойлағанбыз.

– Өрт қоюшылар үйде адам жоғын білді деп ойлайсыз ба?

– Ештеңе айта алмаймын. Құзырлы органдарға сенім таныта алмаймын. Ақиқатқа өз күшіммен жетемін деп ойлаймын. Сол үшін қазір өзімді сақтап отырмын. Барам десем мен де жетім емеспін. Бірақ айтарым, біреудің жолын кесіп, біреудің обалына қалған адам емеспін.

ҮЙІН ӨРТЕП ЖІБЕРГЕН

Ulysmedia.kz Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында өртке оранған марқұм Шерзат Болаттың үйіне барды. Оқиға орнында не болып жатқанын көзбен көріп, Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизатпен тілдескен. Марқұмның туған-туыстарының айтуынша, өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болған. Үйде ешкім болмаған. Себебі Шерзат ата-әжесінің қолында өскендіктен, бұл жағдай егде кісілерге қатты ауыр тигендіктен, марқұмның туған-туыстары қара шаңырақта болған. Үйдегі мал аман, тек итті күйік шалған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.