Жаңа заң: кредит төлеуді кейінге қалдыруға болады. Ол жеңілдікке кімдер ие

Аян Өрібай

Қазақстанда қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс отырысында жаңа заң жобасы бойынша (бүгін бірінші оқылымда қаралды) несиені төлеуде кімдер жеңілдік алатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ДЕПУТАТТАР БАСТАМАСЫ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы қызметтері бойныша тұтынушылардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту және қаржылық қолжетімділікті арттыру шаралары ұсынылғанын айтты. Аталған түзетулерге Парламент депутаттары бастамашы болған. Бұл ретте ең алдымен, мүгедектігі бар адамдар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды қорғауға ерекше назар аударылады.

«Қаржы ұйымдарының мүмкіндігі шектеулі адамдарға биыл 1 шілдеден бастап енгізілген Қаржы ұйымдары қызметтерінің  қолжетімділік жөніндегі ұлттық стандартын ескере отырып, қызметтер көрсетуін қамтамасыз ету міндеті заңнамалық деңгейде енгізіледі.  Сондай-ақ қаржы ұйымдарына мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеудің ішкі тәртібін бекіту міндеті жүктеледі. Олар қаржы ұйымдарының қызметтерін алған кезде өздеріне сенім білдірілген тұлғаны тағайындау мүмкіндігіне ие болады», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

ЖЕҢІЛДІКТЕР КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ

Агенттік басшысы мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарды, сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарды қосымша қорғау шараларының көзделгенін де атап өтті.

«Осы санатқа жататын азаматтар үшін берешекті реттеу кезінде қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін міндетті түрде кемінде 3 ай мерзімге кейінге қалдыру, сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға азайту көзделеді. Қарыз алушы-жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы алуға тыйым салынады. Микрокредитті қайтармағаны үшін айыпақыны қоспағанда, азаматтардың микрокредиттері бойынша кез келген айыпақы өндіріп алуға тыйым салынады.

Банктік қарыз немесе микрокредит алу үшін жасалатын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшері  10% шегінде белгіленеді. Тұтынушыларды мәжбүрлеп жүктелген қаржы өнімдерінен қорғау мақсатында, қаржы ұйымдарында қаржы өнімдерін әзірлеу мен енгізудің ішкі рәсімдерінің болу талабы енгізіледі», – деп хабарлады ҚНРДА төрағасы.

Мәдина Әбілқасымова тұтынушылардың уақтылы кері байланыс алуы үшін қаржы ұйымдарының клиенттердің өтініштерін 15 жұмыс күні ішінде қарау мерзімінің заңнамалық тұрғыдан белгіленетінін атап өтті.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы», «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтарын іске асыру үшін әзірленді.