G7 елдері Украинаға НАТО-ға мүше болу жолында көмектесуге дайын

Сырым Қаржас

«Үлкен жетілік» (G7) елдерінің қорғаныс министрлері Украинаның еуроатлантикалық интеграцияға, оның ішінде НАТО-ға толық мүше болуға баратын қадамын қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

NATO

Бұл туралы 19 қазанда Неапольде өткен кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеде айтылды.

«Үлкен жетілік» Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын одан әрі қолдайтынын қуаттап, қысқа және ұзақ мерзімді перспективада елге әскери және басқа да көмек көрсетуді жалғастыру ниетін мәлімдеді.

Келіссөздерге Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров, Еуропалық Одақ пен НАТО өкілдері де қатысты.

Германия Қорғаныс министрі Борис Писториус Германия биылғы жылы Украинаға 8 миллиард еуродан астам әскери көмек бөлетінін айтып, украин сарбаздарын оқытудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ министрлер Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайды талқылап, Газа секторына гуманитарлық көмекті арттыруға шақырды және Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыс жағдайында Ливандағы БҰҰ бітімгершілік күштерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.