Елде қылмыс өршіп тұр ма: ІІМ бұрынғы орынбасары жауап берді

Ғалиасқар Думан

ІІМ бұрынғы орынбасары, қазіргі сенат депутаты Марат Қожаевтың пікірінше, елде ешқандай да қылмыс өршіп тұрған жоқ, шулатып жүрген журналистердің, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ОҢТҮСТІКТЕ ҚЫЛМЫС ӨРШІП ТҰР МА

Қазақстанның оңтүстігінде қылмыс өршіп тұр ма деген сұраққа Марат Қожаев ресми статистикаға жүгінуге кеңес бере жауап берді.

"Біздің елде ешқандай қылмыстың өршуі жоқ, құрметтілерім, эоқ. Сіз көшеде еркін жүре аласыз, қоғамдық орындарға барасыз, сол кездерде қандайда бір бассыздықтарды көріп жүрсіз бе?” деп сұраққа сұрақпен жауап берді.

ЖЕЛІДЕГІ ШУ

Сенатор журналистер әлеуметтік желіде шу көтергенді жақсы көреді дегенге меңзеді.

"Маған журналистердің логикасын бақылау қызық, сіздер егер шу шығарсаңыздар… Иә, оның пайдасы бар. Бұл алынған дәлелдемелерді процедуралық бағалауға мұқият қарауды ынталандырады, бірақ тағы да айтайын сотта сіздер әлеуметтік желілерде көтеретін шу емес, тек процедуралық дәлелдер бағаланады", – деді ол.

РЕЗОНАНСТЫҚ ІСТЕР

Қазақстанда бүгінде бірнеше резонанстық қылмыстық істер қаралып жатыр.

Мәселен, Алматының іргесіндегі Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан зорлау күдігі бойынша ұсталған азаматтың қашып кеткені көптің назарын аударды. Полиция ол қолға түссе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берген.

16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ

Тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. "Не молчи" қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.