Саран қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Әлихан Асқақ

Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс, ал Қарағанды облысы әкімінің орынбасарына тәртіптік жаза жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте мәлімдеді.

МӘН-ЖАЙЫ

Қатаң сөгіске негіз болған – қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз бақылау.

ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛА

Қалада 12 жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан жаңа қазандық іске қосылған сәтте-ақ қаланың жартысы жылусыз қалған. Тұрғындар бірінен кейін бірі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, күн суытса да жылусыз отырғандарын ашына айтқан.

“Үйіміз өте салқын. Сөз жүзінде жаңа жылу орталығын қостық дейді. Іс жүзінде ештеңе де істелген жоқ. Біз кезек-кезекпен ауырып жазыла алмай жатырмыз. Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Бұл тек күз ғана. Сонда қыста не болады?” – дейді ашынған азаматтар.

Қала әкімі Еркін Баулықов та тұрғындардан қалыспай әлеуметтік желіде видео жариялады. Шенеуніктің сөзінше, қалаға жылу кезең-кезеңімен берілуі керек.

“Қазіргі таңда 54 градустағы жылуды жіберіп жатырмыз. Ақырындап тағы көтереміз. Біз бірден 50 градусты 80 градусқа дейін көтеріп жібере алмаймыз”, – деген Баулықов.