Суық түскенде шаһарға жылу бере алмаған Саранның экс-әкімінің үстінен іс қозғала ма

Ғалиасқар Думан

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәжіліс кулуарларында жылусыз қалған Саранда қазандықты іске қосу кезінде елеулі технологиялық бұзушылықтарға жол берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Саран қаласында жаңа жылу орталығы толық жұмыс істей алмады және 85 үйді жылусыз қалдырды.

ҚАНДАЙ БҰЗУШЫЛЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ

Сәтқалиев қазандықтар істен шығып, Саран жылуорталығында апаттық жағдай болғанын, артынша резервтік жылыту жүйесі іске қосылғанын атап өтті. 

"2-3 күн ішінде барлық үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді жергілікті қазандықтарға ауыстыру қамтамасыз етілді. Комиссия қорытындыларын жасады: қазандықты іске қосу кезінде елеулі технологиялық нормалар бұзылған, электр станциясын жобалауға, пайдалануға беруге байланысты да мәселелер болған, сондай-ақ үйлерді қайта қосуға байланысты жұмыстар Энергетика министрлігінің келісімінсіз жасалған. Осыған байланысты қала басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды", –  деді Сәтқалиев.

ӘКІМГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛА МА

Кеше Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов жылыту маусымын бұзғаны үшін қызметінен босатылған. Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов жылумен қамтамасыз ете алмау туралы қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаң жазалар жайлы айтқан болатын.

Журналистер экс-әкімге қылмыстық іс қозғалады ма деп сұрады. Алайда министр бұл сұраққа жауап бермей, жұмбақтай сөйледі.

"Мен бұл туралы түсініктеме бергім келмейді. Тиісті шешімдерді күтейік", – деді ол.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жеке жауапкершілік мәселесі өте маңызды.

"Өз орнындағы әрбір басшы қызметкер өзіне сеніп тапсырылған жұмыс учаскесі үшін жауап беруі тиіс. Түпкілікті шешім жұмысқа атсалысу немесе өз міндеттемелерін орындамау дәрежесі бойынша қабылданады", –  еді ол.

ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛҒАН ӘКІМ

Суық түскенде шаһарға жылу бере алмаған Еркін Баулықов кеше жұмыссыз қалды. 

“Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымын бастай алмағаны үшін атқаратын қызметінен босатылды”, – деп жазылған ресми хабарламада.

Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсат Қайрешов уақытша қала әкімінің міндетін атқарады.

ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛА

Қалада 12 жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан жаңа қазандық іске қосылған сәтте-ақ қаланың жартысы жылусыз қалған. Тұрғындар бірінен кейін бірі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, күн суытса да жылусыз отырғандарын ашына айтқан.

“Үйіміз өте салқын. Сөз жүзінде жаңа жылу орталығын қостық дейді. Іс жүзінде ештеңе де істелген жоқ. Біз кезек-кезекпен ауырып жазыла алмай жатырмыз. Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Бұл тек күз ғана. Сонда қыста не болады?” – дейді ашынған азаматтар.

Ал сол кездегі қала әкімі Еркін Баулықов та тұрғындардан қалыспай әлеуметтік желіде видео жариялады. Шенеунік қалаға жылу кезең-кезеңімен берілуі керек деп сендірген.