Тоқаев 1 мың адамды түрмеден босататын жарлыққа қол қойды

Ulysmedia

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жазды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетсек бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заң жобасының мақсаты - онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату екенін мәлім еткен еді.

«Кейбір аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқартуды көздейміз. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоялторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың адамға сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу бойынша қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда болса, 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

«Жоба бойынша 2236 сотталушыға, 11310 пробациялық бақылауда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Рақымшылық нәтижесінде 1 мың адам бостандыққа шығады. 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1294 сотталушыға, 7392 пробацияға тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден сотқа дейін тергеу өндірсіндегі тергеу 5 мың іс қысқартылады. 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1471 адамға жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады. Аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған», - деді ол.