Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір оқушысына 27 миллион теңге бөліне ме

Ғалиасқар Думан

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың бір оқушығы қыруар қаржы бөлінеді деген мәлімдемесіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Кеше мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов 2011-2024 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір оқушысына жыл сайын 27 миллион теңге бөлінген деген мәлімдеме жасады. Әнуар Жанғозин депутат бұл деректі нақты қайдан алынғаны белгісіз, бірақ бұл мүлдем шындыққа жанаспайды және қоғамды жаңылыстырады деді.

“2024 жылы NIS-те оқуға арналған білім грантының сомасы 2 349 191 теңгені құрайды. Өткен жылдары бұл көрсеткіш бұдан да төмен болды. Грант бойынша шығыстар қатаң реттеледі және оған мектеп қызметкерлерінің жалақысы, оқушылардың тамақтануы және коммуналдық шығындар кіреді. Зияткерлік мектептерді қаржыландыру көлемі жыл сайын орталық мемлекеттік органдар және мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданып, республикалық бюджет аясында бекітіледі. Сонымен қатар біз ұйымның қызметі туралы сенімді әрі толық ақпарат беруге әрқашан дайынбыз” дейді Әнуар Жанғозин

БІР ТҰТҚЫНДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА 2,7 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы жалпы мектептердің қаржыландыру көлемін өңірлердің бюджетімен салыстыру үлкен сұрақ туғызатынын айтады.

“Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені ол салыстыруға, бір-біріне пара-пар келмейтін жағдайларға негізделіп өлшенеді. Сонымен қатар жақында мынадай дерекке тап болдым, егер білім ұясының қызметін басқа дүниелермен салыстыру қисынсыз болса, кем дегенде салыстыру барысында мынаны есте сақтау керек. Мәселен, бір Зияткерлік мектеп оқушысын қаржыландыру 2,3 млн. теңгені құраса, онда бір тұтқынды қаржыландыруға 2,7 млн. теңге бөлінеді (дереккөзге сілтеме пікірде). Мектептерден ақша үнемдейтін адам түрмелер салады деген дәйексөз бар” деді ол.

“ДИАЛОГҚА АШЫҚПЫЗ”

Сондай-ақ ол президент те, ел үкіметі де білім беру сапасын арттыру үшін бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасап жатқанын атап өтіп, мұның бәрі сөзсіз нәтиже беретінін жеткізді.

Оның айтуынша, мұндайда тек қоғам қай бағытта жүргісі келетінін, нендей дүниеге басымдық беретінін түсіну ғана қалады.

“Тағы да айта кеткім келеді, біз сындарлы диалогқа ашықпыз. Республикалық бюджетті бекіту шеңберіндегі Зияткерлік мектептердің барлық шығыстары талқыланады, ашық әрі бақылау жасау қолжетімді. Мен тек дәлелденген және нақты мәліметтермен жұмыс істеуге шақырамын” деді Әнуар Жанғозин.