Қыстың әуресі: Жел Қарағанды облысында үйлердің шатырын ұшырып, электр желісін үзді

Ғалиасқар Думан

Қарағанды облысында қарашаның ортасы болмай табиғат өзінің тосын мінезін танынып, өңірді әурелеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia/ЖИ

ӘКІМ МӘЛІМДЕМЕСІ

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев қатты жел Қарағанды, Саран және Абай аудандарында бес үйдің шатыры ұшырып әкеткенін, Осакаров ауданында электр қуаты желісі үзілгенін мәлім етті.

Әкімнің сөзінше, шатырлар жақын арада жөнделетін болады.

“Осакаров ауданында да электр қуаты қалпына келтірілуде. Мәселені бақылауда ұстап отырмын. Әкімдермен және жауапты тұлғалармен тұрақты байланыстамын” деді әкім желідегі жазбасында.

САБАҚ

Қарағанды облысының білім басқармасы райының қолайсыздығына байланысты бүгін оқушылар қашықтан оқитынын хабарлады.

“Бірінші ауысым 0-11 сынып оқушыларының, 1-2 курс колледж студенттерінің сабақтары қашықтан оқуға көшіріледі, Балқаш және Приозерск қалалары штаттық форматта оқиды” делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Астанада ауа райына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына ауысқан.

Сондай-ақ Қазақстанның екі облысында ауа райының нашарлауына байланысты жол қозғалысына шектеу енгізілген.

Астанада ауа райына байланысты рейстер де кешігіп жатыр.