Бұл сұраққа Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМЕУ” ҰСЫНЫСЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сарапшылар “азаматтар зейнетке шығу құқығын кейінге қалдырса, оған онда зейнетақы төлемеу” туралы ұсыныс білдіргенін мәлім еткен еді. Министрдің айтуынша, еңбек нарығына биылдың өзіне 300 мың адам қосылған. Алайда бұл бастаманы Жақыпова “ұсыныс” екенін, ол қабылданбағанын айтқан.
БЕЙСЕМБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia.kz тілшісі бұл бастамаға қалай қарайтынын оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан сұраған. Оның айтуынша, Қазақстанда 600 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде зейнет жасында еңбек етіп жатқан ұстаздардың саны – 6 мыңға жуық.
– Зейнеткерлер тек ауылда ғана емес, үлкен қалаларда жұмыс істеп жатыр. Ауылды мектептерде, әсіресе шағын жинақты мектептерде бұл мәселені шешу бағытында біз қазір осы мектептерге қолдау көрсету үшін ресурстық орталықтар арқылы тірек мектептерді құрып жатырмыз. Ақтөбе қаласында мұны пилот режимі ретінде енгізіп жатырмыз. 20 немесе 10-15 оқушысы бар мектептердегі мұғалімдердің тапшылығы тиісті сағаттың, штаттық бірліктің жоқ болғанына байланысты туындап отыр. Оны шешу үшін цифрлық контенттерді қолданып, ресурстық орталықтардың цифрлық мұғалім деген жобаның шеңберінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жоба нәтижесін беріп жатыр. Бұған 400-ге жуық тірек мектептері кіреді. Бұл шамамен 1 мыңнан астам шағын жинақты мектептің мәселесін шешеді, – дейді ол.
Тақырыптан сәл ауытқып кеткенімен, министр журналиске қанша мұғалім керектігі турасында нақты түсінікті болу үшін ақпарат бергенін айтады. Ал жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысы тоқтап қалса, ертең олар мектептен кетіп қалмай ма деген сұраққа Бейсембаев қысқа қайырды.
– Біріншіден, ол әлі ой ғана. Қабылданған жоқ. Қабылдануы, қабылданбауы да үлкен сұрақ. Сондықтан, оған көп меніңше, назар аударудың қажеті жоқ деп ойлаймын, – дейді Бейсембаев.
Бұған дейін министр Светлана Жақыпова қазір зейнеттегі, жұмыс істеп жүрген азаматтар зейнетақысын да, айлығын да ала беретінін айтқан еді.