Мектеп түлектері колледжге оқуға түсуі үшін құжатты egov порталы арқылы электронды форматта тапсыра алады. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің «Ашық НҚА» порталында орналастырылған құжатында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Оқу-ағарту министрлігі талапкерлердің колледжге түсу барысында құжаттарды тапсыру процесін жеңілдететін жоба әзірледі. Жобаның басты ерекшелігі құжаттар eGov.kz порталы арқылы тапсырылады. Бұл жоба құжат тапсыру жұмысын жеңілдетіп, оны жылдамдатуға мүмкіндік береді, - делінген министрлік хабарламасында.
Бұйрық жобасы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін оқытатын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын реттейтін нормативтік құқықтық актіні жетілдіру мақсатында әзірленген.
«БІР ӨТІНІШ» ҚАҒИДАТЫ
Оған сәйкес қызмет алушы «бір өтініш» қағидаты бойынша «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызметін электронды форматта алады. Сонымен бірге талапкерлер жатақханаға тұруға өтінішті мемлекеттік портал көмегімен береді. Ал жекелеген санаттағы азаматтар, қорғаншылық пен патронаттағы балалар тегін тамақтандыруға өтінішті осы жерден бере алады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау еgov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Ал конкурс «Ұлттық білім беру деректер базасы» ақпараттық жүйесінде өткізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталған болатын.