Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ОКҚ алаңында аталмыш сала келешекте қалай цифрландырғалы жатқанын айтып берді. Саланы цифрландыру мәселесіне келгенде кезінде министрлікті басқарған Елжан Біртановтың соты еске түседі. Экс-министр дәл осы ақпараттық жүйеге бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен сотталған еді. Үкім шықса да тағылған айыппен келіспей кеткен Біртановтан кейін министрлік бұл бағытта не істеп жатыр? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты бүгін денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановқа қойды.
БІРТАНОВ НЕГЕ СЫНАДЫ
Бұдан бұрын экс-министр Елжан Біртанов өз тұсында әзірленген Бірыңғай интеграциялық платформаны қолданбағандықтан, Денсаулық сақтау министрлігі қазір медицинаға кеткен шығынды бақылай алмай отыр деп мәлімдеген еді. Осы сынды Ulysmedia.kz тілшісі денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың есіне салып, не ойлайтынын, сынқа қалай жауап беретінін сұраған.
– Баяндамамда айтып кеткендей, өкінішке қарай проблемалар бар, болған. Бүгінгі таңда біразы шешілген. Бірақ сонда да толыққанды емес екенін жасырудың қажеті жоқ. Сондықтан, платформа қажет екеніне ешқандай күмән жоқ. Өйткені өкінішке қара 17 ақпараттық жүйе, 20-дан астам ақпараттық жүйе бүгінгі таңда медицина саласында қолданыста. Олардың бәрі интеграцияның уақтылы жасалмағанының немесе тиісті ақпараттарды цифрландыру баяу жүруінің, жоқтығының салдарынан сондай проблемаға әкелген. Мен баяндамамда көрсеткен жобалар және бірыңғай платформа болады. Осы платформа арқылы бүкіл медицина саласындағы деректердің 100 пайыз қамтамасыз етіп, азаматтарға қолжетімді жасаймыз. Көрсетілген медицина қызметтеріне мониторинг жасап, бақылауға алып, қаражатын уақтылы мемлекеттен болсын, МӘМС-тен болсын – төлемдерді уақтылы әрі сапалы жеткізіп отыруды көздейміз. Сондықтан, платформаның керектігіне еш күмән жоқ, – дейді ол.
“КҮТІП ОТЫРМАЙМЫЗ”
“Бізде Ericsson компаниясы әзірлеген дайын платформа бар деп айтады ғой. Соны енгізе салуға не кедергі?” деген сұраққа Оспанов әуелі осы жүйенің тарихына үңілді. Сөзінше, кезінде құқық қорғау органдары оның жұмысын уақытша тоқтатып қойған. Оспанов вице-министр болып келгеннен кейін мәселені зерттеп, актілерді қарап, тәуелсіз сарапшылардың, Ericsson-ның өзінің хат жазбаларын, құзыретті органдардың, басқа да мемлекеттік органдардың мәліметтерін қарап шыққан. “Бәрін өз көзіммен көрдім” дейді ол.
– Ол жерде біраз ақаулықтардың бары белгіленген. Сол істің арқасында біраз тұрып қалғаннан кейін денсаулық сақтау министрлігі күтіп отырмайды ғой. Сондықтан, басқа да жобалар жасалып, олар қолданыста әрі бітіп жатыр. 2024-2025 жылдары толыққанды бітеді, – дейді ол.
Оспановтың сөзінше, ол платформадағы интеграциялардың көбі өзекті емес. Өйткені жекеменшік ақпараттық жүйелер, басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйенің бәрі өз форматын немесе функционалдарын өзгертіп алған.
– Оны пайдалану үшін үш жылға қайтып, қайтадан бәрін жаңартуымыз керек. Сондықтан, біз қайтадан үш жылға кері қайтуға дайынбыз ба? Сол сұраққа жауап беру керек. Біздіңше кері қайтудың қажеті жоқ. Бар жетістіктер мен нәтижелерді, проблемаларды ескере отырып, үш жылда жасалған жұмыстарды соңына дейін жеткізу керек. Мақсат сол! – дейді ол.
Былтыр хорват компаниясы Ericsson халықаралық арбитражға жүгінгелі отырғанын хабарланған. “Осы дау немен реттелді” деген сұраққа вице-министр келісімшарт негізінде сарапшылардың бағалауы бойынша жұмыс толыққанды жасалмаған деген нәтиже шығып, Ericsson компаниясының банк кепілдігі қаражаты ұсталып қалып, мемлекетке қайтарылып, келісімшарт сонымен аяқталғанын айтады. Қазір ол компаниямен ешқандай қарым-қатынас жоқ. “Олардың да бізге сұрағы жоқ” дейді ол.
ЕНДІ МИНИСТРЛІК НЕ ІСТЕЙДІ
Ербол Оспанов баяндамасында денсаулық сақтау саласындағы бірқатар цифрлық жобаларды атады. Бәрін 2024 жылдың соңы мен 2025 жылы толыққанды іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, бүгінгі таңда медицина қызметкерлері eGov Mobile қосымшасының «әлеуметтік әмиян» бөліміндегі QR-код арқылы пациенттерге 470 мың рецепттің негізінде тегін дәрі-дәрмек береді. Осы сервис арқылы препараттарды электронды беру жөніндегі пилоттық жобаға 700-ден астам медициналық ұйым қатысады.
Одан бөлек, дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесі енгізілген сәттен бастап төрт айдың ішінде таңбалау кодтары препараттардың 66,2 млн қаптамасына жазылған. Оның ішінде 39,3 млн қаптама импорттық препараттардың үлесіне тиесілі, 29,4 млн қаптама – отандық өндіріс, қазір айналымда 28,5 млн дәрілік қаптама бар.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерді (МАЖ) оңтайландырып жатыр. Соның нәтижесінде ақпараттық жүйелердегі медициналық персоналдың жұмыс уақыты екі есеге жуық қысқарады деп сендіреді. Интеграциялық процестер аяқталғаннан кейін маман барлық қажетті ақпарат қолжетімді болатын бір жүйемен жұмыс істейді, бұл деректерге қол жеткізуді жеңілдетеді, шешім қабылдау жылдамдығын арттырады және пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартады.
Сонымен қатар, Қазақстанда жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу 2025 жылғы қаңтардан бастап электрондық форматқа ауыстырылады. Бүгінгі таңда елімізде 1,6 млн азаматтың жұмысқа рұқсат туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары, оның ішінде қоғамдық тамақтану саласында 780 мың, білім беру саласында 550 мың, денсаулық сақтау саласында, 272 мың және жеке секторда 52 мың медициналық кітапша бар. Электрондық форматты енгізе отырып, жеке медициналық кітапшаларды бірден бірнеше ұйымда ұсынуға болады, бұл азаматтардың қаражатын үнемдемек.