Перизат Қайраттың ұсталуы: «Amanat» партиясы мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас

«Amanat» партиясы «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайды. Партия бүгін осылай ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ПАРТИЯ НЕ ДЕЙДІ

– Бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының жұмысына қатысы бар деген ақпарат тарауда. Осыған байланысты, «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын (толық атауы: «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ) және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін түсіндіре кету қажет деп санаймыз. Айта кетейік, биыл сәуір айында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты су тасқыны кезеңінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді. Белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымы, соның ішінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты, – деп хабарлайды «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.

Кеше волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталған. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған қаражатқа қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік, 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған деп күдікке ілініп отыр.

Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көрген. 2021 жылы қарашада тіркеген қор құрылтайшыларының тізімінде Перизат Қайраттың өзімен қосқанда 10 адам бар. Құрылтайшылардың құрамында «AMANAT» партиясында еңбек ететіндер де бар.