Трансұлттық қылмыстық топ жылдар бойы Түркияға 190 келі алтын тасыған

Ғалиасқар Думан

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңсыз алтын сатып келген трансұлттық қылмыстық топ мүшелерін соттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

МӘН-ЖАЙЫ

Іс материалдарына сай, 2016 жылы сотталушылар Ж. мен Р. Қазақстан Республикасынан Түркияға бағалы метал – алтынның заңсыз айналымы мен тасымалдау үшін трансұлттық ұйымдасқан топты құрып және оған басшылық еткен.

Олар қылмыстық топтың құрамына өздерінің таныстары мен туыстарын, оның ішінде сотталушы Б.-ны тартқан.

Өз кезегінде Түркия Республикасындағы трансұлттық ұйымдасқан топтың басшысы қылмыстық топқа осы елдің азаматтарын қосқан.

Топ басшылары өз ниеттерін жүзеге асыру үшін 2020 жылы алтын тасымалдау үшін Түркия азаматы А.-ны жеткізуші ретінде пайдаланған.

Сотталушылар кедендік шекара арқылы кедендік бақылаудан тыс өткізуге тыйым салынған бағалы металдар – алтын мен зергерлік бұйымдарды бірнеше рет заңсыз алып өтіп, контарабандалық тасымал жасаған.

КЕЛГЕН ЗАЛАЛ

Нәтижесінде, 2017-2021 жылдар аралығында 19 эпизод бойынша Қазақстан Республикасынан Түркияға заңсыз түрде жалпы құны 5 млрд. теңгеге жуық бағаланған салмағы 190 кг.-дан жоғары алтын тасымалданған.

Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарындағы дәлелдермен расталған.

ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Прокурор сотталушылар Ж. мен Р.-ға 11 жыл, Б.-ға 8 жыл, А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар Ж., Р. және Б. кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сотталушы А. кінәсін ішінара мойындады.

ҮКІМ

ҰҚТ жетекшілері 11 жыл мерзімге, топ мүшесі, 8 жыл мерзімге, сыбайластары – Түркия азаматы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.