Volkswagen дағдарысы. Жұмысшылар жалақыны көтеруден бас тартуға келісті, бірақ бір шарт бар

Ғалиасқар Думан

Volkswagen қызметкерлерінің кәсіподақтары IG Metall және компанияның жұмысшылар кеңесінің басшылығы жалақыны жоспарлы өсіруден уақытша бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

BILD

МӘН-ЖАЙЫ

BILD басылымының ақпаратынша, бұл қаражат компанияның стратегиялық бастамаларын қолдауға арналған арнайы даму қорына бағытталмақ. Алайда Volkswagen басшылығы жаппай қысқартудан бас тартуға кепілдік беруі тиіс.

Бұл бастаманы Volkswagen жұмысшылар кеңесінің төрайымы Даниэла Кавалло мен IG Metall кәсіподағының жетекшісі Торстен Грёгер ұсынды. Каваллоның айтуынша, Volkswagen бірқатар мәселелерді шешуі қажет, бірақ бұл зауыттардың жабылу қаупін тудырмауға тиіс.

ДАМУ ЖОСПАРЫ

Каваллоның пікірінше, компания алдағы жылдары бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге ерекше назар аударуы керек. Мысалы, Volkswagen компаниясында қолжетімді электрлі көлік жетіспейді, ал мұндай көлік тек 2026 жылы ғана шығарылмақ.

«Volkswagen бренді бұрын да, қазір де концерннің негізі. Біз осы брендті дамытуға назар аударып, артық процестерге ресурстарды жұмсауды тоқтатуымыз керек», – деп атап өтті Кавалло.

ЗАУЫТТА ЖАБУ, ҚЫСҚАРТУ

Жақында Volkswagen концернінің Германия аумағындағы 10 зауыттың үшеуін жабуды және қалған зауыттардың жұмысын айтарлықтай қысқартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар, компания басшылығы жалақыны қысқарту және кейбір бөлімдерді шетелге аутсорсингке беру жоспарын қарастыруда.

Бұл бастама компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтау және өндіріс процесін оңтайландыру мақсатында ұсынылғанымен, ол қызметкерлер мен кәсіподақтардың алаңдаушылығын тудырып отыр.

VOLKSWAGEN ДАҒДАРЫСЫ

Volkswagen тобы терең дағдарыс жағдайында. Қыркүйек айында директорлар кеңесі 30 жылдан астам жұмыс істеген жұмыс кепілдіктерін тоқтатты. Келесі жылдың ортасынан бастап жедел қысқарту болады деп күтіліп отыр.

Германиядағы VW зауыттарында шамамен 120 мың адам жұмыс істейді, олардың жартысына жуығы Вольфсбургтегі негізгі зауытта.

"Бұл зауыттар орналасқан аймақтардың қан жүгіріп тұрған өндірісін тоқтатып, он мыңдаған Фольксваген қызметкерлерін жаппай жұмыссыз етпек", – деген  Кавалло басшылығының шешімі турады.

Ал жұмыс орындарында қалатын VW қызметкерлерінің жалақысы шамамен 18% қысқарып, оларға қарастырылған арнайы қосымша төлемдерді жою жоспарланып отыр.

Осындай оңтайлану жүретіні туралы хабарланғаннан кейін Volkswagen мен BMW зауытының жұмысшылары ереуілге шыққан.