Пәтер беруін талап еткен: Талдықорғанда бұрынғы басшысын бопсалаған қызметкер сотталды

Қалижан Бектемір

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен аса ірі мөлшерде қорқытып алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Соттың мәліметінше, 2024 жылдың мамыр айында айыпталушы И өзі бұрын жұмыс істеген ЖШС басшысымен кездесіп, серіктестік тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар туралы дәлелдері бар екенін айтқан. Осы ақпараттарды жарияламау үшін күдікті И заңсыз түрде С-дан құны 16 млн теңгеден асатын пәтерді өз меншігіне беруді талап еткен.

Жәбірленуші бірден полицияға жүгінген. 2024 жылғы 5 маусымда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдікті И-ді жеке нотариус кеңсесінде ұстаған.

СОТ ҮКІМІ

Қылмыстық кодекске сәйкес, айыпталушы жасаған қылмысы үшін 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. Алқабилердің шешімімен И тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, сот жазаны жеңілдететін мән жай ретінде сотталушының жас балаларының болуын ескеріп оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Қытайдан келген Уәли Ыбырай есімді азаматты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкері бопсалағанын жазған едік.