Зеленский Қырымды дипломатиялық жолмен қайтаруға болатынын мәлімдеді

Ғалиасқар Думан

Президент Владимир Зеленский Украина Ресей аннексиялаған Қырымды қайтару үшін ондаған мың адамды құрбан ете алмайтынын, бірақ оны дипломатиялық жолмен қайтаруға болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Getty Images

«Сөз 2014 жылдан бастап Путин толыққанды басып кіруге дейін оккупациялаған аумақтар туралы болып отыр. Біз мұны заңды түрде мойындамаймыз. Мұндай жағдайды қабылдамаймыз. Екінші жағынан, Путинді 1991 жылғы шекараға дейін қарумен шегіндіруге жеткілікті күшіміз жоқ екенін түсінеміз», – деді Зеленский Fox News арнасына берген сұхбатында.

Телеарна тілшісі Зеленскийден:

«Президент Владимир Путин Қырымның Украинаға ешқашан қайтпайтынын анық айтты. Сіз бұл соғысты аяқтау және Еуропадағы қан төгісті тоқтату үшін бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында Қырымнан бас тартуға дайынсыз ба?» – деп сұрады.

Зеленский былай жауап берді:

«Мен Қырымды дипломатиялық жолмен қайтаруға дайын екенімізді бұған дейін де айтқанмын. Біз Қырымды қайтару үшін ондаған мың азаматтарымызды құрбан ете алмаймыз... Бірақ Қырымды дипломатиялық жолмен қайтаруға болатынын түсінеміз».

Бұған дейін Владимир Зеленский АҚШ көмекті қысқарта бастаса, Украина соғыста жеңіліп қалу қаупі барын мойындаған.

“Әрине, біз күресуді жалғастырамыз, бірақ біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі” деген ол.

Киевтегі АҚШ елшілігі Украина астанасына ауқымды әуе шабуылының болуы мүмкін екенін ескерткен.