«Мені зорлады»: Шығыс Қазақстанда танысына жала жапқан әйелдің өзі сотталды

Қалижан Бектемір

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру кезінде зорлау туралы жалған хабарлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында 2024 жылдың ақпан айында азаматша Ш өзінің танысы К-мен пәтерде масаң күйінде онымен өз еркімен жыныстық қатынасқа түскені анықталды, ал келесі күні ол құқық қорғау органдарына танысы өзін зорлағанын айтып, жалған мәлімдеме жасаған.

Әйелдің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жазықсыз адам қылмыстық қудалауға ұшырап, Өскемен полиция басқармасының күштері жалған қылмысты тергеуге жұмсалды.  

СОТ ҮКІМІ

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде "жалған жәбірленуші" “ауыр қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған хабарлау” бабы бойынша қылмыс жасаудағы өз кінәсін толық мойындады және кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді, – делінген хабарламада. 

Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін өгей қызын зорлады деген күдікпен павлодарлық ер адам қамалған болатын.