Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты ҚР СІМ мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

ҚР СІМ

ҚР СІМ НЕ ДЕЙДІ

– Біздің Украинадағы Елшілігіміз штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Біздің мәліметімізге сәйкес Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ, – дейді Смадияров.

Ресми өкіл Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асқанын, “кетемін” деген азаматтар елден шығып кеткенін айтады.

– Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады. Оған қарамастан, бірнеше күн бұрын біз Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы хабарлама жасадық. Қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетеміз. Дегенмен, жағдайдың одан әрі дамуына байланысты өз әрекетімізді жасаймыз, – дейді Айбек Смадияров.

ДНЕПРГЕ СОҚҚЫ

21 қарашада Украина күштері Ресейдің Днепрге және оның айналасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Соққы кәсіпорындар мен маңызды инфрақұрылымға зақым келтірген.
Украина тарапы Астрахань облысынан атылған ракета – құрлықаралық баллистикалық зымыран деп болжаған.

Кейін CNN анонимді америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, Ресейдің 21 қарашада Днепрге соққы беру үшін қолданған зымыраны құрлықаралық емес, орта қашықтықтағы эксперименттік баллистикалық зымыран екенін хабарлады. Дереккөздің айтуынша, АҚШ Ресейдің эксперименттік зымыранды қолдану мүмкіндігі барын білген. Вашингтон Украина мен басқа елдерге ықтимал қауіп барын алдын ала ескертіп отыр.

ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын айтқан еді. Ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.

ТОҚАЕВТЫҢ ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМАСЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.