Қарағандыда пара беруге итермелеген адвокат сотталды

Қалижан Бектемір

Қарағанды облысында адвокат Е. алаяқтық жасауға әрекет еткені және жәбірленушіні лауазымды тұлғаға пара беруге арандатқаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: kazgazeta.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Сотқа дейінгі тергеу барысында Е.-ге Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша – бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы ірі мөлшерде жымқыруға әрекет еткені үшін, сондай-ақ 28-бабының 4-бөлігі және 367-бабының 2-бөлігі бойынша – лауазымды тұлғаға пара беруге арандатқаны үшін айып тағылған. 

Сот мәліметінше, Е. Қарағанды облысының қорғаушылар алқасының мүшесі және адвокат ретінде азаматша С.-мен заңгерлік көмек көрсету туралы келісім жасасқан. С. бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікпен тергеліп жатқан. Е. заңгерлік көмек көрсету барысында С.-ны қылмыстық істі тоқтату үшін тергеу органдарының басшысына 4 миллион теңге пара беруге көндірмек болған. Пара беру кезінде Е.-ні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметкерлері ұстаған. 

СОТ ҮКІМІ

«Сотта Е.-нің кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен қатар, арнайы іс-шаралар және бейнежазбалар арқылы дәлелденді.  Сот Е.-нің шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдай деп танып, кінәні ауырлататын жағдайларды анықтамады. Қылмыстық кодекстің 55 және 56-баптарының ережелерін қолдана отырып, сот Е.-ге мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу арқылы 2 жыл 7 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Орал қалалық сотының төрағасы 10 күнге қамалған болатын.