Литва астанасы Вильнюсте жүк таситын ұшақ екі қабатты тұрғын үйдің үстіне құлады. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Delphi басылымы жазғандай, алдын ала мәлімет бойынша, DHL компаниясына тиесілі ұшақта төрт адам – екі ұшқыш және екі жолаушы отырған. Ал оқыс оқиға жергілікті уақыт бойынша 5:31-де болған.
Апатты жағдайдың себебі әлі анықталған жоқ. Тек бір ұшқыштың аман қалғаны, ол кабинадан шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылғаны хабарланды.
ҚАНДАЙ ЖҮК БОЛҒАНЫ БЕЛГІСІЗ
LRT телеарнасының мәліметінше, ұшақ Лейпцигтен көтеріліп, Вильнюс әуежайының маңында құлаған. Алайда оқиға әуежайдың жұмысына әсер еткен жоқ. Әзірге ұшақта қандай жүк болғаны белгісіз.
Аталған апатты жағдай бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы жақын арада анықталады, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейдің Sukhoi Superjet 100 жолаушылар ұшағының қозғалтқышы Түркияның Анталия курорттық қаласының әуежайына қатты қонғаннан кейін өртеніп кеткенін жазған едік.