Мереке күндері пойыз билеті қымбаттай ма – министрдің жауабы

Аян Өрібай

Көлік министрі Марат Қарабаевтің айтуынша, пойыз билеттері алдағы айдағы мереке кездерінде қымбаттамайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ҚАРАБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шыққан Марат Қарабаев теміржол тарифтерін көтеру жобасының билет бағасына еш қатысы жоқтығын айтады. Ол тек жүк тасымалдайтын тарифтерге ғана байланысты болмақ. Ал жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардың билетінің бағасында өзгеріс болмайды.

– Келесі жылы да, алдағы мерекелерде де ешқандай өзгеріс болмайды. Баға бірқалыпты болады, - деді ол журналистің сұрағына берген жауапта.

Қарабаевтің сөзінше, 1 қазаннан бастап жолаушылар пойызының бағасы қымбаттаған. Министр енді баға тұрақты болатынын, алдағы мерекелердің баршасында баға бірқалыпты болатынын айтады.

ПОЙЫЗДАРДЫҢ КЕШІГУІ

Премьер-министр бүгін ҚТЖ басшылығының назарын пойыздардың кешігуі мәселесіне аударған еді. Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жолаушылар пойыздарының кешігуі туралы мәселені көтерді. Азаматтардың теміржол көлігінің келу кестесін бұзғаны туралы өтініштерінің өскені байқалып отыр. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев жағдай ерекше бақылауда екенін, ал кешігулер теміржолдарды ағымдағы жөндеуден туындағанын атап өтті. «Жолаушылар алдындағы қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз» дейді Сауранбаев.