"Денесінде май жоқ", "кітап көп оқыған", "қазасы туралы жаңа теориялар". Бүгін Брюс Лидің туған күні

Ғалиасқар Думан

Бүгін әлемге әйгілі жекпе-жек шебері, актер және философ, өз заманының нағыз мәдени иконасына айналған тұлға Брюс Лидің туған күні. Оның күтпеген өлімі 1973 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, бүгінгі күнге дейін көптеген сұрақтар мен болжамдардың тууына себеп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Michael Ochs Archives/Getty Images

АМЕРИКАДА ТУҒАН, БІЛІМ АЛҒАН

Брюс Ли 1940 жылы 27 қарашада Сан-Францискода дүниеге келген. Оның шын есімі – Ли Джун Фан. Ата-анасы Қытайдан шыққан, Брюс бала кезінде Гонконгта өскен. Ол жастайынан киноиндустрияға қадам басып, Гонконгта балалық шақта бірнеше фильмге түскен.

Жасөспірім кезінде Брюс жекпе-жек өнеріне қызығушылық танытып, әсіресе вин-чунь кунг-фуымен айналысты. Оның басты ұстазы Ип Ман болды. 18 жасында Брюс Америкаға қайта оралып, Сиэтлде жоғары білім алды. Сол жерде ол жекпе-жек мектебін ашып, Шығыс жекпе-жек өнерін Батыс әлеміне таныстыра бастады.

Брюс Ли Голливудта үлкен жетістікке жетіп, "Жасыл шершень" телесериалында рөл ойнады. Кейіннен ол Гонконгқа оралып, "Айдаһарға жол", "Айдаһардың шығысы" сияқты классикалық фильмдерде басты рөлдерді сомдап, бүкіл әлемге танымал болды.

ЖҰМБАҚ ҚАЗАСЫ

Брюс Ли 1973 жылы 20 шілдеде, небәрі 32 жасында Гонконгта актриса Бетти Тин Пейдің пәтерінде ққайтыс болды. Ресми мәлімет бойынша оның өліміне ми ісінуі (церебральды ісіну) себеп, бұл оның бас ауруын жеңілдету үшін қабылдаған "Equagesic" дәрісіне реакциядан болған делінеді.

Дегенмен, оның қазасы әлі күнге дейін көптеген талқылаулар мен теориялардың тақырыбы болып келеді. Кейбіреулер оның жекпе-жек өнерінің құпияларын ашқаны үшін қастандық құрбаны болды десе, басқалары оны шамадан тыс физикалық күш салудың немесе аллергиялық реакцияның нәтижесі деп санайды.

2022 жылы британдық ғалымдар Брюс Лидің өлімі туралы жаңа гипотеза ұсынды. Олар оның өлімі организмдегі су мөлшерінің тым көп болуынан (гипонатриемия) болуы мүмкін екенін айтты. Бұл болжам Брюс Лидің өлімінен бұрын көп су ішкені туралы мәліметтерге негізделген.

БРЮС ЛИДІҢ МҰРАСЫ

Брюс Ли жекпе-жек өнерінде және киноиндустрияда шекараны бұзған тұлға ретінде есте қалды. Ол дәстүрлі қытай жекпе-жектерін батыстық кино әлемімен ұштастырып, жаһандық аудиторияны жаулап алды. Оның негізін қалаған "Джит Кун До" философиясы жекпе-жек өнерінің дамуына үлкен әсер етті.

Брюс Ли тек актер және жекпе-жек шебері ғана емес, сонымен қатар философ және шабыттандырушы тұлға ретінде де танылды. Оның:
"Су сияқты бол. Су шектеусіз, икемді, бірақ қажет болса, тас жара алады" деген сөзі бүгінгі күнге дейін оның мұрасының символы.

ҚЫЗЫҚТЫ ФАКТІЛЕР

Денесін шынықтыруы: Ол ерекше физикалық дайындық деңгейімен танымал. Оның денесінде майдың мөлшері өте аз болған (6-7%). Бұл адам ағзасы үшін ең төменгі деңгейлердің бірі.
Білімге құмарлығы: Брюс Ли философияға үлкен қызығушылық танытып, көптеген кітап оқыған, өзі де жазған. Ол тек дене тәрбиесімен ғана емес, рухани дамуымен де айналысқан.
Голливудтағы алғашқы қытай жұлдызы: Брюс Ли Шығыс пен Батысты байланыстыра білген алғашқы азиялық актерлердің бірі. Ол Голливудтағы нәсілдік стереотиптерді бұзды.