2024 жылдың 10 айында Қазақстанға 550 мың қытайлық келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың Қытайға сапары – 31%, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50% өскен.
2024 жылдың 10 айында елімізге Қытайдан 550 мың адам келген. Былтыр бұл көрсеткіш 367 мың адамды құраған.
ҚАНДАСТАР
Одан бөлек тарихи отанына оралып жатқан қазақтар арасында да Қытай көш бастап тұр. 2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дерегінше, жыл басынан қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден келген. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралған.
ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТТІГІ
Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.