Қазақстанда 26 млн ұялы байланыс абоненті тіркелгені белгілі болды

Қалижан Бектемір

Ұлттық статистика бюросы ұялы байланыс абоненттерінің санына қатысты деректі жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

БІР ЖЫЛДАҒЫ ӨСІМ – 4,8%

2024 жылғы 1 қарашаға Қазақстанда 26 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% көп.

Абоненттердің жалпы санының 18,7 млн-ы интернетке қосылған, бір жылдағы өсім — 4,8%.

Ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы 100 адамға шаққанда 129 бірлікті құрады, оның ішінде 93 абонент интернет желісіне қосылған, — делінген хабарламада.

КӨРСЕТІЛГЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ КӨЛЕМІ

2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында ұялы байланыс саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 191,3 млрд теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4% төмен.

Дерекке сүйенсек, биылғы 10 ай ішіндегі жалпы байланыс саласындағы қызметтер көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті, оның ішінде 52,5% интернет қызметтеріне тиесілі.