Қазақстанға 4 террористік акт жасалмақ болған - ҰҚК

Ғалиасқар Думан

Мұндай деректі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев президент қабылдауында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ҰҚК мәліметінше, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған.

Лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланды, олардың екеуі сотталды. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеген.

“Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрлігімен бірге 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленгені, 60 адамның қамауға алынғаны баяндалды. Заңсыз айналымдағы 505 атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама және 15 046 оқ-дәрі тәркіленді.

Есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылды. Сондай-ақ 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленді. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 162 адам сотталды” делінген ақорда хабарламасында.

ҰҚК төрағасының айтуынша, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам көлемде мемлекетке келтірілетін залалға тосқауыл қойылған, бюджетке 315 миллиард теңге өтелген. Сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны үшін 46 адам сотталды.