Бишімбаевтың адвокатына медаль берілді, оны Нүкеновтер әулетінің адвокаты табыс етті

Ғалиасқар Думан

Республикалық адвокаттар алқасы экс-министр Қуандық Бишімбаевты қорғаған адвокаттардың бірі Ерлан Ғазымжановты марапаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Республикалық адвокаттар алқасы жыл сайын атап өтілетін Адвокатура күні қарсаңында арнайы іс-шара өткізген. Ол жерде Республикалық адвокаттар алқасының Төралқасы аумақтық адвокаттар алқаларының, РАА төрағасының ұсынымдарын қарап, адвокаттарды кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және адвокатура институтының дамуына қосқан үлесі үшін марапаттау туралы шешім қабылдаған.

Марапаттар адвокатураға қолдау көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдеріне де берілген.

Адвокатураның жоғары наградасы – «Қазақстан адвокатының алтын белгісі» – Астана қаласының Адвокаттар алқасының адвокаты Роза Сақтағанқызы Қуанышбаеваға табысталған.

Бірқатар құқыққорғаушы «Адвокатураға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағын алған.

ЕРЛАН ҒАЗЫМЖАНОВҚА БЕРІЛГЕН МАРАПАТ

Одан бөлек бірқатар адвокатқа «Кәсіпқойлығы үшін» медалі табыс етілді. Олардың ішінде Ерлан Ғазымжанов та бар. Ол әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты қорғағандардың бірі. Түрлі сарапшылар Бишімбаев ауыр жаза арқалап кеткеніне қарамастан, оның қорғауы үздік болғанын, заң факультетінің студенттері үшін талқылауға тұрарлық кейс ретінде атап өткен.

МАРАПАТТЫ КІМ ТАБЫСТАДЫ

Бір қызығы Ғазымжановқа медалтді Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары әрі Бишімбаев ісіндегі марқұм Салтанат Нүкенованың тарапын қорғанын Игорь Вранчев табыс етті.