Оңтүстік Корея президенті халықтан кешірім сұрады

Сырым Қаржас

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл қоғамда наразылық тудырған әскери жағдай енгізілгені үшін ел халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

yna.co.kr

Енді мұндай қадамға бармауға уәде берді.

Шамамен 2 минутқа созылған сөзінде ол осы аптаның басында әскери жағдай енгізу туралы шешім қабылдағаны үшін басын иіп кешірім сұрады.

"Бұл шешім шарасыздықтан қабылданды. Бұл жайт адамдарға алаңдаушылық пен қолайсыздық әкелді. Қатты өкінемін және кешірім сұраймын", деді президент.

Президент кейбір қарсыластары айтып жүргендей екінші рет әскери жағдай жарияламайтынын атап өтті. Юн Сок Ёл "қызмет мерзімі туралы мәселені" партияға қалдыратынын айтты. Алайда мұнымен нақты нені айтқысы келгенін түсіндірмеді. Ол сондай-ақ отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген жоқ, парламентте импичмент бойынша дауыс берілетіні турасында да сөз қозғаған жоқ.

Юн Сок Ёльдің бұл үндеуі – елде әскери төтенше жағдай жариялағаннан кейін халық алдында жасаған алғашқы мәлімдемесі. Әскери жағдай алты сағаттан кейін парламент қарсы дауыс берген соң алынып тасталған еді. Осыдан кейін ел парламентінде басым дауысқа ие оппозициялық депутаттар президентке импичмент жариялау туралы заң жобасын ұсынып, Оңтүстік Корея полициясы Юн Сок Ёльге қатысты төңкеріс ұйымдастырды деген күдікпен тергеуді бастады.

Юн Сок Ёльдің халыққа үндеуінен кейін бірден президенттік партия жетекшісі Хан Дон Хун Оңтүстік Корея көшбасшысы сөзсіз мерзімінен бұрын отставкаға кететінін айтты, өйткені оның енді мемлекеттік міндеттерді атқаруға шамасы келмейді.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай енгізілетінін айтқан. Бұл шешім, ол түсіндіргендей, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін және конституциялық тәртіпке нұқсан келтіретін «мемлекетке қарсы күштермен» күресуге бағытталған.

Дегенмен көп ұзамай Оңтүстік Корея астанасы Сеулде төтенше әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты қақтығыс болып, артынша республика парламенті төтенше жағдайды алып тастады.

Ал Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты Қазақстан елшілігі азаматтарға үндеу жолдап, отандастарымызды сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырды.

Ал 4 желтоқсан күні Сеул мен басқа да қалаларда таңертең президенттің отставкаға кетуін талап еткен демонстрациялар қайта жалғасты.