Шерзаттың ағасы Нұрқанаттың қазасы: қаралы үйдегі ахуал

Сырым Қаржас

Екі ай бұрын ғана Шерзат Болаттан айырылған қаралы отбасы бүгін Нұрқанат Ғайыпбаевты соңғы сапарға шығарып салуға дайындалып жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі Талғарда қаза шыққан үйге барды.

Ulysmedia

Қаралы үйге Еңбекшіқазақ ауданының әкімі келген. Ол Қаржаубай Нұрымовтың отбасына көңіл айтып, “қандай көмек керек” деп сұраған. Марқұмның туған-туыстары ешқандай көмек қажеті жоқтығын айтқан. Ulysmedia.kz тілшісі одан отбасының үй мәселесі қалай шешіліп жатқаныын сұраған. Әкім “көктемде құрылыс басталған кезде көмектесеміз, оған дейін құрылысты бастауға рұхсат беретін құжаттарды реттей берейік деп Қаржаубайға ұсыныс айттық” деген. Қаралы үйге марқұмның туған-туыстары жиналған.

Ulysmedia.kz тілшісі марқұмның туған-туыстарымен сөйлеспек болғанымен ол мүмкін болмады. Олар пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Портал тілшісі марқұмның әпкелері Бақыт пен Перизатты сыртынан көрді. Олар сөйлемек түгіл, бірін-бірі сүйеп әрең жүр.

Марқұмның қабірі бауыры Шерзат Болаттың бейітінің жанынан қазылып жатыр.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, ол өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта қорғауда болғанын атап өтеді.   

– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.