Қаржылық қиындық: Boeing АҚШ-та мыңға тарта қызметкерін жұмыстан шығарды

Ғалиасқар Думан

Күзде жарияланған қысқартулар аясында Boeing корпорациясы Вашингтон және Калифорния штаттарында жүздеген қызметкерін жұмыстан босатты. Жоспарланған қысқартулар нәтижесінде компания қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 17 000 адамға азаяды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters

МӘН-ЖАЙЫ

“Америка даусы” басылымының мәліметінше, Вашингтон штатында 400-ге жуық, ал Калифорнияда 500-ден астам қызметкер жұмыстан шығарылған.

Бұған дейін аэрокосмостық алпауыт алдағы айларда штат санын 10%-ға қысқартатынын хабарлаған болатын. Бұл шешім компанияның қаржылық және реттеуші қиындықтардан, сондай-ақ екі айға жуық созылған ірі ереуілдің салдарынан қалпына келу әрекеттерімен байланысты.

Бас директор Келли Ортберг ереуілдер жұмыстан шығаруға себеп болмағанын, оның себебі қызметкерлердің артықтығынан екенін айтты.

КІМДЕР ҚЫСҚАРЫП ҚАЛДЫ

The Seattle Times басылымының хабарлауынша, қараша айында компания қызметкерлерге алдағы қысқартулар туралы хабарлама жібере бастаған. Еңбекпен қамту жөніндегі мемлекеттік агенттіктерге берілген мәліметтерге сәйкес, қысқартулардың алғашқы кезеңінде ел бойынша шамамен 3500 қызметкер жұмыстан босатылды.

Қысқартулар әртүрлі мамандық иелеріне – инженерлерден бастап рекрутерлер мен аналитиктерге дейін әсер етті. Олар Boeing-тің коммерциялық, қорғаныс және жаһандық қызмет көрсету бөлімшелеріне де тарады.

ӨТЕМАҚЫ

Компания мәлімдемесінде, жұмыстан шығарылған қызметкерлердің басым бөлігі екі ай бойы штатта қалып, өтемақы алады. Оларға жаңа жұмысқа ауысу бойынша кеңес беру және үш айлық жеңілдікті медициналық сақтандыру ұсынылады.

"Қазан айының басында хабарланғандай, біз қаржылық шынайылыққа және басымдықтардың нақтырақ жиынтығына сәйкес келу үшін қызметкерлер санын реттеп жатырмыз," – деп түсіндірді Boeing өкілдері.

Вирджиния штатының Арлингтон қаласында орналасқан Boeing корпорациясы соңғы жылдары қаржылық қиындықтарға тап болды. 2018 және 2019 жылдары 737 Max ұшақтарының екі апатынан 346 адамның қаза табуы компанияның қаржылық жағдайы мен беделіне кері әсер етті. Қаңтар айында Alaska Airlines ұшағының фюзеляжындағы есіктің ажырауы жағдайды одан әрі нашарлатты.