Даниал Ахметов жеңіл атлетика федерациясынан шұғыл отставкаға кететіні хабарланды

Ғалиасқар Думан

Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы басшысының қызметінен кетеді. Бұл туралы спорт журналисті Иван Резванцев хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: ratel.kz

«ШҚО-ның экс-әкімі Даниал Ахметов Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы басшысы қызметінен шұғыл түрде кетуде. Енді барлық мәселелерді 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстанның ең атақты жеңіл атлеті Ольга Рыпакова шешуге тура келетін сияқты», – деп жазды журналист өзінің Telegram-арнасында.

Оның сөзінше, 11 желтоқсанда сағат 9:30-да Астанада ҚР ЖАФ конференциясы басталған. Дауыс беруге 28 адам қатысады. Күн тәртібінде үш мәселе қаралады:

  1. Федерация президентінің 2024 жылғы есебін бекіту (Ахметов Д.К.)
  2. Федерация президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату
  3. Федерация президентін сайлау

«Даниал Ахметов Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясын 2018 жылдың наурыз айынан бері басқарды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның жеңіл атлетикасы, яғни «спорт патшайымы», екі антирекордпен ерекшеленді: Олимпиада ойындарына іріктелген спортшылар саны бойынша. Токио-2020 ойындарына Қазақстаннан 10 жеңіл атлет лицензия алды. 4 жылдан кейін Парижге тек 7 қазақстандық жолдама алды», – деп мәлімет келтіреді журналист.