Субсидияға бөлінген млрд-тардың әсері құмға сіңген сумен тең

Ғалиасқар Думан

5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Бұл туралы мәжілісте депутаттарға ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігі аудитінің қорытындыларын жариялаған Әлихан Смайылов мәлім етті.

Саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады” дейді Смайылов.

КЕМШІЛІКТЕР

Оның айтуынша, субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілген.

“Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі. Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған” деді палата төрағасы.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады.

БАҒАЛАУДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ

Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді.

Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес.

Әлихан Смайылов жоспарлау кезеңінде бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындауға Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы ғана кіріскенін айтады. Алайда барлық бағытты қамтымайды. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерінің көрсеткіші жай ғана өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Бұл ауыл шаруашылығындағы сапалы өзгерістерді көрсетпейді.