«Соңына дейін күресемін». Оңтүстік Корея президенті алған бетінен қайтпай отыр

Ғалиасқар Думан

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль телеүндеу жасап, өткен аптада елде әскери жағдай енгізу дұрыс шешім болғанын мәлімдеп, бүлік жасады деген айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

South Korean Presidential Office

ЮН НЕ ДЕЙДІ

Ұзаққа созылған сөзінде Юн қабылдаған шешімінің мән-жайын түсіндіріп, елді қорғау және мемлекеттік істерді қалпына келтіру мақсатында президенттік өкілеттігін пайдаланып, әскери жағдай енгізгенін айтты. Ол бұл шешімді «терең саяси ойластырылған қадам» деп атады.

Сонымен қатар, президент отставкаға кету туралы талаптарды қабылдамай, соңына дейін күресетінін мәлімдеп, оппозицияны «импичмент арқылы билікті асыра пайдаланып жатыр» деп айыптады.

«Маған импичмент жарияланса да немесе тергеуге алынсам да, мен бұған адал түрде қарсы тұрамын», – деп мәлімдеді ол Yonhap агенттігіне берген сұхбатында.

ЮНГЕ ҚАРСЫЛАР АРТТЫ

Президенттің бұл сөзінен бұрын билеуші «Халық күші» партиясының көшбасшысы Хан Дон Хун импичментке қолдау білдірді. Бұған дейін ол мұндай қадамға қарсы болған еді.

Дәл осы билеуші партияның ұстанымына байланысты өткен демалыс күндері парламент Юнға импичмент жариялай алмаған. Келесі дауыс беру сенбі күні өтеді.

«Бұдан әрі түсініспеушілікке жол бермеуіміз керек. Қазір тек бір ғана тиімді әдіс бар», – деді Хан Дон Хун баспасөз мәслихатында. – «Келесі дауыс беруде біздің партияның депутаттары залға кіріп, өз сенімі мен ар-ұжданына сүйеніп шешім қабылдауы тиіс».

Ханнан импичментті қолдайтынын сұрағанда, ол: «Иә», – деп жауап беріп, басқа жол жоқ екенін айтты.

Оңтүстік Корея басшысына елден шығуға тыйым салынған. Ал өткен аптадағы оқиғалар бойынша бірнеше ведомство жүргізіп жатқан тергеу қарқын алып келеді. Сәрсенбі күні полиция президент кеңсесінде тінту жүргізбек болды, бірақ күзетшілер оларды кіргізбеген.

Нәтижесінде, хабарланғандай, президент кеңсесі өз еркімен шектеулі құжаттар жиынтығын тапсырған.

ИМПИЧМЕНТТЕР

Оңтүстік Кореяның саяси тарихында бірнеше рет президентке импичмент жарияланды. Елдегі ең танымал импичмент оқиғаларының бірі 2016-2017 жылдардағы президент Пак Кын Хе-ге қатысты жағдай болды.

Пак Кын Хе «Чхве Сун Силь ісі» деп аталған жемқорлық жанжалға байланысты айыпталды. Президент жақын досы Чхве Сун Сильмен бірге ірі корпорациялардан қаржылық қолдау көрсетуді талап етіп, жеке мүдделеріне пайдаланды деп айыпталды. Бұл жанжал жаппай наразылық акцияларын тудырды. 2016 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Кореяның Ұлттық жиналысы президентке импичмент жариялауға дауыс берді. Конституциялық сот 2017 жылдың наурыз айында бұл импичментті растады, нәтижесінде Пак Кын Хе президент қызметінен босатылды. Пак Кын Хе қызметінен кетіп, кейіннен жемқорлық және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін сотталып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.

Но Му Хен (2004)

Но Му Хен президенттік сайлау алдында бейтараптылық ережелерін бұзды деп айыпталды. Оның қарсыластары оны саяси партиялардың біріне қолдау көрсетті деп кінәлады. 2004 жылдың наурызында Ұлттық жиналыс президентке импичмент жариялады. Алайда, бұл шешім Конституциялық соттың қарауына жіберілді. Конституциялық сот импичментті мақұлдамады және Но Му Хен өз қызметіне қайта оралды.