Қаржаубайдың үстінен қылмыстық іс қозғалды: полиция мәлімдеме жасады

Ғалиасқар Думан

Алматы облысы полиция департаменті Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ПД ХАБАРЛАМАСЫ

Полиция 2024 жылдың 10 желтоқсанында К. Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін ұсталғанын хабарлады.

“ Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Іс-әрекетке тоқтамай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың тыныштығын бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды тағайындады” делінген хабарламада.

Полиция мәліметінше, қылмыстық іс бөгде адамның мүлкін әдейі бүлдіру фактісі бойынша қозғалған.

“10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады. 

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, жазаның бұлтартпаушылығы және Заң мен тәртіпті сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, полиция құқық бұзушылықтардың барлық фактілерін, оларды кім жасағанына қарамастан, елдегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі болып табылатын бейтарап тергеуге міндетті екенін хабарлаймыз” дейді полициядағылар.

Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен.

ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ

Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген. 

Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.

Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.