Түрікменстанда бұрынғы сотталушыларды әскерге жіберіп жатыр

Ғалиасқар Думан

Түрікменстанда 27 жасқа толмаған бұрынғы сотталғандарды әскерге шақыруда. Әскери қызметке жатпайтын азаматтарды заңсыз шақыру оқиғаларының көбейгенін Түрікменстанның әскери ведомствосындағы дереккөздер Радио Свобода-ның түрікмен қызметіне хабарлаған. Олардың айтуынша, бұл қарулы күштердегі адам жетіспеушілігімен байланысты, деп жазады Ulysmedia.kz

Фото: Настоящее время сайты

СОТТАЛУШЫ СӨЗІ

Басылым түрмеден босатылғаннан кейін әскерге күштеп алынған түрікменстандықпен сөйлескен

– Түрмеден шыққаннан екі ай өткен соң, мені әскери комиссариатқа шақырды. Оларға мен "қасқыр билетін" (қылмыстық жазасын өтеп шыққаны туралы, сондай-ақ әскери қызметтен босатылғанын растайтын құжат – ред.) көрсеттім. Бірақ мені әскерге күштеп алып кетті, – деп бөлісті ер адам анонимді түрде.

Басылымның қолында оның сотталғанын растайтын құжаттар бар: онда қандай баптар бойынша сотталғаны және қанша мерзімге бас бостандығынан айырылғаны көрсетілген.

– Мен және менің жақын туыстарым ел заңдарына сәйкес, әскери қызметтен босатылғанымды растайтын құжаттарымды көрсетіп, түсіндірмек болдық. Бірақ біздің дәлелдеріміз ескерусіз қалды, – дейді бұрынғы сотталушы.

Балқан уәлаяты бойынша Азатлык Радиосының тілшісі соңғы бірнеше жылда 27 жасқа толмаған бұрынғы сотталғандарды әскерге шақыру оқиғалары жиі кездесіп жатқанын айтады.

АДАМ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ

Лебап уәлаяты әскери комиссариатындағы дереккөздің айтуынша, Түрікменстан қарулы күштеріндегі адам жетіспеушілігі елден халықтың жаппай шетелге кетуімен байланысты. Сонымен қатар, бұл жағдайға жемқорлықтың да әсері үлкен болған: әскери билеттерді пара арқылы рәсімдеу жиіледі, дейді дереккөз.

– Қорғаныс министрлігіндегі байланыстары бар адамдар 1000-1500 доллар төлем арқылы шетелде жүрген азаматтарға да әскери билет рәсімдей алады. Олар тіпті әскери билетті шетелге жеткізіп бере алады. Сол себепті бізде сарбаздар жетіспеушілігі туындады, – деп мәлімдеді дереккөз.