Трамптың Украинаға қатысты ойлағаны нақтылана бастады

Ғалиасқар Думан

Wall Street Journal газеті 7 желтоқсанда Парижде өткен АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленский және Франция президенті Эммануэль Макронмен әңгімесіне қатысты анонимді дереккөздерге сүйенген мақала жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Aurelien Morissard/АР

НАТОҒА КІРУІНЕ ҚАРСЫ...

Дереккөздердің ақпаратына сәйкес, Трамп Зеленский мен Макронға Украинаның НАТО-ға қосылуына қарсы екенін, бірақ соғысты тоқтатқаннан кейін Украинаның күшті әрі жақсы қаруланған ел болып қалуын қалайтынын жеткізген.

Сонымен қатар, Трамп атысты тоқтату режимінің сақталуын қадағалау үшін Украина аумағында НАТО-дан тыс еуропалық елдердің әскерлері орналастырылуы керек деп есептейді. Ол АҚШ әскерін жібергісі келмейді, бірақ бұл контингентке қандай да бір қолдау көрсету мүмкіндігін жоққа шығармаған.

НЕГІЗГІ САЛМАҚ ЕУРОПАҒА

WSJ дерегінше, еуропалық елдердің әскерін орналастыру мәселесі қазірдің өзінде талқылануда. Бастапқыда бұл мәселені Ұлыбритания мен Франция өкілдері өзара үнсіз талқылаған, бірақ қазір талқылауға Украина, Трамптың болашақ әкімшілігі және бірнеше еуропалық елдің өкілдері қатысуда.

Екі дереккөздің мәлімдеуінше, НАТО бас хатшысы Марк Рютте Брюссельде жақын арада Зеленский, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша лидерлері және Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Украинаның болашақтағы қауіпсіздік кепілдіктерін талқылау үшін кездесу ұйымдастырады.

СЕРІКТЕСТЕРДІҢ КӨМЕГІ

АҚШ пен Еуропа елдері Украинаны сөзбен демеп, ара-тұра қаржылай да, қару түрінде болса да қолдап келеді. Алайда Киевтің басты шарты НАТО-ға мүшелікке алу мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Сондай-ақ Трамп Украинадағы соғыста АҚШ-тың Киевке басты көмектесуші позициясын біртіндеп Еуропаға өткізіп беру ниеті белгілі бола бастады.