Үй алғысы келетіндерге қосымша мүмкіндік: "Алматы жастары" тағы ашылады

Ғалиасқар Думан

Алматы әкімдігі "Алматы жастары" жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысу үшін өтінімдерді қосымша іріктеу жариялағанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Бұл іріктеу кезеңі тек негізгі конкурс кезінде өтінім берген, бірақ құжаттарды дұрыс толтырмау немесе тапсырудағы қателіктер себепті оң шешім ала алмаған тұрғындарға қолжетімді болады.

"Өтінімдерді редакциялауға рұқсат етілгендер тізімі бағдарламаның басты бетінде "Өтінімдерді редакциялауға жіберілген өтініш берушілер тізімі" бөлімінде қолжетімді", – делінген хабарламада.

Құжаттарды түзету және жаңарту 23-31 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

БАҒДАРЛАМА ШАРТТАРЫ

  • займның ең жоғары сомасы– 18 млн теңгеге дейін;
  • пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • бастапқы жарна – 10%;
  • бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі;

Қатысу үшін негізгі талаптар: 

  1. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (35 жасқа толғандарды қоса алғанда),өтініш беру кезінде, жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;
  2. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы.
  3. Қатысушының Алматы қаласында келесі санаттар бойынша міндетті зейнетақы аударымдарымен кем дегенде соңғы 6 ай ішінде ресми жұмыс өтілінің болуы: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және қалалық коммуналдық қызметтері.