Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі орталық коммуникациялар алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа қойды.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
Су тасқынынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысының әкіміне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берген еді. Тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктер де шағымын БАҚ-қа көп жеткізген.
– Сіз қазір қызметіңізге толық келем деп ойлайсыз ба? Қызметіңізден бас тартқыңыз келмей ме? – деп сұрады осы ретте портал тілшісі әкім Шахаровтан.
Әкім Асхат Шахаров ескерту – сол кезде президенттің өз жұмысына берген бағасы екенін айтады.
– Оны біз қабылдадық. Сол берген бағамен тиісті тапсырмалар болды. Ол – осы апатта ешкім зардап шекпеу, адам шығыны (болғызбау), барлық инфрақұрылым, баспана мәселесін толық шешу. Біз енді әріптестермен бірге үкіметтен де қолдау болды. Бірігіп, осы тапсырманы орындап отырмыз. Сондықтан, қазіргі таңда ондай мәселе жоқ деп ойлаймын, – деді ол.
“Су тасқыны салдары толық жойылды деп айта аласыз ба?” деген сұраққа Шахаров “иә” деп жауап берді.
ЕСКЕРТУ АЛҒАН ӘКІМ
Ulysmedia.kz тасқын кезінде Ақтөбе облысының әкімі қалай жұмыс істегенін талдап жазған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл тасқын соңғы 80 жылда болып тұрған табиғи апат облыс әкімдері үшін үлкен сынақ болған. Қарғын судың әлегі еліміздің басым бөлігінде төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр етті. Себебі апатқа облыс әкімдері дайын болмай шыққан. Әкімдердің әрекетсіздігі зардап шеккен тұрғындарды ғана емес, мемлекет басшысын да ашуландырған-тын. 30 наурызда президент өзіне жүктелген міндетті дұрыс орындамаған әкімдерге бірінші ескертуін берді. Ескерту алған әкімдердің қатарында Ақтөбе облысының басшысы Асхат Шахаров та бар.