Қазатомөнеркәсіптің жартысы Ресейден Қытайға өтіп жатыр

Ғалиасқар Думан

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ ресейлік серіктесі кейбір бірлескен кәсіпорындардан шыққанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ЗАРЕЧНОЕ

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының компаниялар тобына кіретін «Ураниум Уан Груп» акционерлік қоғамы түпкі бенефициары State nuclear Uranium Resources Development Co., Ltd (ҚХР) компаниясы болып табылатын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясының пайдасына «Заречное» БК» АҚ-ның акцияларының өзіне тиесілі 49,979%-ын сатты. Бұл ретте осы бірлескен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгерген жоқ және ол 49,979%-ды құрайды.

ХОРАСАН МЕН ҚЫЗЫЛҚҰМ

Сондай-ақ ресейлік компания тағы екі үлесін қытайлық компанияға сататынын мәлім етті.

«Ураниум Уан Груп» АҚ сондай-ақ «Хорасан-U» БК» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын және «Қызылқұм» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын мәміле тараптары оны жабу рәсімдерін аяқтаған жағдайда түпкі бенефициары China General Nuclear Power Corporation (CGN, ҚХР) болып табылатын China Uranium Development Company Limited компаниясының пайдасына сатады деп күтілуде Осы бірлескен кәсіпорындарда Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгермейді, «Хорасан-U» БК» ЖШС-те 50% және «Қызылқұм» ЖШС-те 50% (жанама) деңгейде сақталады» делінген хабарламада.

«Заречное» БК» АҚ 1977 жылы ашылған Түркістан облысындағы Заречное кен орнында уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнындағы уран қоры 2024 жылдың басында шамамен 3,5 мың тоннаны құраған. Кен орнын игеруді аяқтау 2028 жылға жоспарланып отыр.

Ал «Хорасан-U» БК» ЖШС Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Солтүстік Харасан кен орнының «Харасан-1» учаскесінде уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнының қорлары 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша пайдалану мерзімі 2038 жылға дейінгі 33 мың тоннаға жуық уранды құрайды. «Хорасан-U» БК» ЖШС-те өндірілген бүкіл уран тікелей сол игеріліп жатқан учаскенің өзінде орналасқан «Қызылқұм» ЖШС-тің өндірістік қуаттарында қайта өңделеді.

«Қызылқұм» ЖШС жер қойнауын пайдалану құқығына ие емес және тек уранды қайта өңдеу бойынша қызметтерді жүзеге асырады.

Бұған дейін Қытай азаматы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жаңа директоры атанған.