Индонезияда әйелдер мен балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және балаларды қорғау министрі Арифа Фаузи мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz сайты ANTARA агенттігіне сілтеме жасап.
"Координация мен өзара әрекеттестік өте маңызды, өйткені бұл мәселені жалғыз шеше алмаймыз. Біздің өкілеттігіміз бен бюджетіміз шектеулі. Дегенмен, ортақ түсіністік пен осы мәселені бірге шешуге деген ниет арқылы біз оны еңсере аламыз", – деп атап өтті министр.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешу Индонезия халқының деректерін ескергенде аса маңызды. Әйелдер ел тұрғындарының 49,42%-ын, ал балалар 31,6%-ын құрайды.
Елде әйелдерді қорғауға бағытталған үш бағдарлама іске қосылды.
Бұған дейін министр Арифа Фаузи 2024 жылы жүргізілген әйелдердің өмірлік тәжірибесі бойынша Ұлттық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Индонезияда әрбір төртінші әйел өмірінде серіктестерінен немесе бөгде адамдардан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көргенін хабарлаған.
Бұған дейін БҰҰ күн сайын 140, әрбір 10 минут сайын бір әйел жақын серігінің қолынан қаза табатынын мәлім еткен.