Бәсекеге төтеп бере алмай жатқан Honda мен Nissan бірігуі мүмкін

Ғалиасқар Думан

Honda мен Nissan компаниялары Tesla мен Қытай автокөлік өндірушілерінің тарапынан күшейген бәсекеге төтеп беру үшін серіктестікті тереңдету, соның ішінде компанияларды біріктіру мүмкіндігін талқылауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

motorillustrated.com

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұндай бірігу 54 миллиард доллар тұратын және жылына 7,4 миллион автокөлік шығаратын компанияны құруға мүмкіндік береді. Бұл Toyota мен Volkswagen-нен кейін әлем бойынша үшінші ірі автокөлік өндіруші болуға жол ашады, деп жазады Reuters.

Екі компания электромобильдер әзірлеу саласында стратегиялық серіктестік аясында бірлесіп жұмыс істеп келеді. Алайда Nissan-ның қаржылық қиындықтары мен табыстың азаюы секілді мәселелері Honda-мен тығыз байланыс орнату қажеттілігін арттырды. Nissan 9 мың жұмыс орнын қысқартып, өндірістік қуаттарды 20%-ға азайту арқылы 2,6 миллиард доллар үнемдеуді жоспарлап отырғанын жариялады. Қытай мен АҚШ-тағы сатылымдардың төмендеуінен компанияның пайдасы екінші тоқсанда 85%-ға қысқарған.

Бұл жаңалықтарға нарық та жауап берді: Nissan акциялары 22%-дан астам өсті, ал Honda акциялары 2,3%-ға төмендеді. Сонымен қатар, екі компания Nissan-ның 24% акциясына ие Mitsubishi Motors компаниясымен бірге холдинг компаниясын құру немесе толық бірігуді қарастыруда.

БӘСЕКЕ

Қытай автокөлік өндірушілері мен Tesla-ның электромобильдер нарығындағы баға соғысы жағдайында Honda мен Nissan шығындарды азайтуға және жаңа автокөліктерді әзірлеуді жеделдетуге тырысуда. Бұл бірігу жапондық автокөлік индустриясы үшін Toyota және қытайлық өндірушілермен бәсекелесуде маңызды қадам болуы мүмкін.

КЕДЕРГІЛЕР

Алайда, ықтимал бірігу процесі АҚШ-тағы қатаң бақылауға тап болуы мүмкін. Президент Дональд Трамп импорттық автокөліктерге қарсы қатаң шаралар қабылдайтынын мәлімдеген. Сондықтан мәмілені мақұлдау үшін Honda мен Nissan кейбір мәселелер бойынша ымыраға келуге мәжбүр болуы мүмкін.

Бұған дейін Германияда жаңа көліктер жылдап сатылмай жатқаны хабарланған. Олардың қатарында Volkswagen мен Audi-дің қымбат модельдері, сондай-ақ электр көліктері бар