«ҚазАвтоЖол» АҚ бұрынғы басқарма төрағасына үкім шықты

Сырым Қаржас

«ҚазАвтоЖол» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Асқар Мұратұлына үкім шықты. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық

ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Қылмыстық тергеу органы Мұратұлы және Ж.-ға қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салды деп айып таққан.

СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ

Соттың хабарлауынша, тергеу барысында М. (Мұратұлы) және Ж.-ның 2000 жылдардан бері таныс екені анықталған. М. 2017-2019 жылдары Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, 2019-2021 жылдары облыс әкімінің орынбасары болған және автомобиль жолдарындағы, оның ішінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірдегі «Жақсы-Есіл-Бузулук» автожолындағы проблемалар туралы білген. 2019 жылы М.-ны облыс әкімінің орынбасары етіп тағайындаған.  Сол жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақмола филиалы мен Ж. тұлғасында «Асыл-ЖАС» ЖШС арасында осы көпірді жөндеу бойынша 2,2 млрд теңге сомасына сатып алу туралы шарт жасалған. Сотта ақша мердігерге аударылмағаны анықталған. М. 2021 жылғы сәуірде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалған.

– 2021 жылғы 16 маусымда тапсырыс берушінің бастамасы бойынша шарт бұзылып, мердігер атынан «Асыл-ЖАС» ЖШС оның әрекеттерін сот тәртібінде дауламаған.  2021 жылғы шілде-тамыз айларында Ж. және мүдделі тұлғалардың қатысуымен кеңес ұйымдастырып, онда «Асыл-ЖАС» ЖШС-мен бір көзден алу тәсілімен шарт жасасу туралы мәселеге бастамашы болған. Мұндай кеңесті өткізуге негіз болмаған. Ж.-ның ешқандай жазбаша өтініші түспеген. 2021 жылғы 20 қазанда М. «Асыл-ЖАС» ЖШС директоры Ж. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-на бұрын бұзылған 2019 жылғы шарт бойынша АҚ-тың оның компаниясының алдындағы берешегі бойынша сот талаптарын қояды деген сылтаумен Есіл өзені арқылы көпір салумен 80-82 км «Жақсы-Есіл-Бузулук» республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу бойынша 2,2 млрд теңгеден астам сомаға «Dike» және «Асыл-ЖАС» ЖШС консорциумымен бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы заңсыз бұйрық шығарған. Бұл ретте соттардың 21.01.2020 жылғы «Асыл-ЖАС» ЖШС-не қатысты және 07.10.2021 жылғы «Dike» ЖШС-не қатысты шешімдерімен тиісінше кредиторлық берешегі 264 миллион теңгеден және 685 миллион теңгеден асатын оңалту рәсімдері қолданылды. Осылайша, консорциум мүшелері қаржылық тұрақсыз компаниялар болып, оларда шарттың орындалуын қамтамасыз етудің нақты мүмкіндігі болмады, – делінген сот хабарламасында.

2021 жылғы 21 қазанда М. шығарған бұйрық негізінде Ақмола филиалы Ж. тұлғасындағы «Dike» және «Асыл-ЖАС» ЖШС консорциумымен шарт жасасқан. 2021 жылғы 28 желтоқсанда шарт шеңберінде «Асыл-ЖАС» ЖШС есептік шотына 200 млн теңге сомасында аванс аударылып, М. және Ж. оларды ұрлап, талан-таражға салған. Мемлекетке келтірілген залал өтелмеген.

ҮКІМ

Сот үкімімен Асқар Мұратұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ж.-ға мүлкі тәркіленіп, оған да 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Еске салсақ, биыл сәуірде «ҚазАвтоЖолдың» бұрынғы басшысы Асқар Мұратұлы ұсталған болатын. Ол  басқарма төрағасы қызметін 2021-2022 жылдар аралығында атқарған.