Метродағы көзі нашар көретін жігіттің өлімі: бұл туралы Досаев не дейді

Ғалиасқар Думан

Алматы әкімі Ерболат Досаев метро станциясында 26 жастағы көру қабілеті шектеулі жігіттің рельстер астына түсіп қаза болған қайғылы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ulysmedia тілшісінің брифинг барысында қойған сұрағына жауап бере отырып, Ерболат Досаев қазіргі қалалық инфрақұрылымның инклюзивтілік бойынша барлық қажетті стандарттарға сай емес екенін мойындады.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

– Мен отбасыға шын жүректен көңіл айтамын. Шын мәнінде, қазіргі инфрақұрылым инклюзивті Алматы құруға қажетті барлық стандарттарға сәйкес келмейді, – деді әкім.

Досаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қызметтік және қылмыстық тергеу жүргізілуде. Ол енді метро станцияларында қоршаулар орнатылатынын мәлімдеді.

– Видео хроника бәрін растайды. Бұрын айтқанымдай, метрополитеннің өзінде осы жағдайға байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, ал полиция департаменті өз тергеуін бастады. Платформаларда турникеттер орнатылады, бұл вагондардың арасындағы ашық кеңістікті жабуға мүмкіндік береді. Инклюзия мәселелері біздің балаларымызға да қатысты. Бұл жұмыстар 2025 жылдың басында жүзеге асырылады. Ал жаңа метро станцияларын жобалау кезінде бұл нормалар міндетті болады, – деп қосты әкім.

Жуырда Алматыдағы метрода көзі нашар көретін ер адам рельске құлап қаза болған.